"Құрбан деген сөздің жақындау деген мағынасы бар. Әр мұсылман Аллаға жақындап өзінің кәдесін, дұғасын жасады. Жасаған дұғаларымыз бен кәделеріміздің барлығы қабыл болсын. Тілектеріміз орындалсын" деген Нұрсұлтан Назарбаев бүгін еліміздегі барлық мешіттерде мұсылмандар жиналып, дұғасын оқып, кәдесін жасап жатқанын, бұған біз тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырғанымызды жеткізді.
"Отанды сүю - иманнан деген сөз бар. Біздің ислам, мұсылман деген сөздің бір мағынасы - бейбітшілік. Елімізде бейбітшілік, халқымызда тыныштық, шекарамызда бүтіндік. Сол тілегіміздің барлығы Алладан қабыл болсын. Себебі елдің бірлігі, халықтық тыныштығы болашақтың баянды болуы болып саналады. Тәуелсіздік тұғыры да сонда жатыр, -деді Елбасы.
ҚР Президенті 1992 жылы Қағбада болған кезде - "елімді аман, жұртымды бүтін, қазақтың бағын жандыра көр" деп тілегенін айтты. "Құдайға тәубе, мінекей 20 жылдығымыздың қарсаңында қазағымыз, халқымыз дүниежүзіне белгілі, сыйлы-құрметті болды, 57 елдің басшысы жиналып, Астанада бас қосып Қазақстанды тағы да дүниежүзіне танытуға қолымыз жетіп отыр,-деді.
"Құдай қаласа ендігі жылы Ислам конференциясы ұйымына басшы боламыз. Бүкіл дүниедегі ислам мемлекеттерін аралап, олармен де кездесіп, олардың да басын қосуға мүмкіншілік жасайық. Осындай жағдайды қазақтың басына, біздің елміздің басына беріп отыр. Батысты да, шығысты да қосып, елдің-жұрттың арасын табыстыруға жағдай жасап отыр. Осының барлығы Алланың беріп отырған шапағаты мен бізге берген күш-қуаты болып саналады",- деді құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы.