«Біздің Конституциямызға биыл тура 22 жыл толады. Конституция да тірі организм секілді заманның талабына сай өзгеріп тұруы керек. Біз Конституциямызға өзгеріс енгізіп, ылғи да демократизацияға қарай, әлемнің барлығы кетіп бара жатқан жолмен жүріп келеміз. Бәрі де Парламент мен Үкімет үшін, заңның үстем болуын қамтамасыз ету мақсатында жасалды. Демек, кім не десе де, аталған үш бағыт демократизацияға қарай жол салды. Қазақстанның басынан өткен ауыртпалықты көп көрдік. Қандай жолмен жүруді талқыладық. Президенттік билік бізге ауадай қажет еді. Ал ондай жүйе жоқ елдердің бәрін байқап көріңіз. Ешкімді ренжітіп алмау үшін ол елдердің атын атағым келмейді. Демек, мемлекет аяғынан тік тұрып, тәуелсіз әрі іргесі берік ел болу үшін ең алдымен өз ішінде бәрін тәртіпке келтіруі керек. Өз ішіндегі тұрақтылықты реттеп алғаннан кейін сыртқы елдер сыйлайтындай экономикалық база құрылады. Одан кейін сыртқы саясатты табысты түрде жүргізуге болады», - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, Қазақстан «алдымен экономика, кейін саясат» бағытын дұрыс таңдап алған.
«Сол кездегі президенттік жүйе өзін-өзі ақтап, Қазақстанды дамуы шабан елдердің қатарынан алып шықтық. Шығыс Еуропа немесе Азия елдерінде біз алдыңғы қатардамыз. Ол сөзімізге ешкім де таласа алмайды. Демек, бұның бәрі халыққа қысым көрсетпеген, саяси тұрғыда қуғын-сүргінге бармаған, сөз бен баспасөз бостандығын қамтамасыз еткен президенттік жүйенің арқасы еді. Ал қазір осы базаның негізінде Конституцияда жазылған Президенттің 35 өкілеттілігі Парламент пен Үкіметке берілді. Үшіншіден, заңның құзырлылығы үшін осы жылдар бойы көптеген жұмыстарды біржақты еттік. Заңға біршама өзгерістер енгізілді», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.