Нюрнберг соты немесе гитлершілдер қалай дарға асылды? - баспасөзге шолу

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 27 маусым, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы 4-ші бетте «Халық тарих толқынында» атты ортақ айдармен еліміздің тарихына қатысты мәселелер көтерілген екі сүйекті мақала берілген. «Басты өлшем - уақыт талабы» атты мақалада тарих ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Берлібаев еліміздің орта және жоғары оқу орындарында тарих пәнінің оқытылуы туралы, жалпы тарих оқулықтарының сапасы туралы сөз қозғайды. «Заманның өзгеруіне байланысты, бүгінде Қазақстан тарихы 5-ші сыныптан бастап 11-ші сыныпқа дейін оқытылады. Алайда, кейінгі жылдары Қазақстан тарихын ЖОО-да одан әрі тереңдетіп оқыту мәселесіне келгенде, кейбір құзырлы ұйымдар тарапынан көпшілік түсіне бермейтін салқындық қылаң бере бастады. Атап айтқанда, былтырғы жылдан бері бұрынғы мемлекеттік білім стандартының орнын «Білім бағдарламасы» дейтін алмастырып, оның модульдерінде көптеген пәндер мен оның негізгі бөлімдерінің атаулары өзгеріп шыға келді. Соның ішінде «Қазақстан тарихы пәні» «Қазіргі Қазақстан тарихы» болып өзгертіліп, жаңа атаумен берілген. Бұл дегеніміз, «Қазақстан тарихын» 1991 жылдан бері ғана, яғни Отан тарихын орта жолдан, қысқа қайырып оқыту дегенді білдіреді», - дейді автор.

Осы және басқа да мәселелерді көтере келе, автор «Мектептер мен колледждерде және ЖОО-да Қазақстан тарихын оқытудың арнайы бағдарламалары қайта жасалып, қайталау түріндегі ұқсастықтарға жол бермеу жағын ойластыру керек-ақ. Техникалық оқу орындарында оқитын студенттер үшін жаңа оқулық жазудың конкурстық түрін ұйымдастырудың да уақыты жетті. Таяудағы уақытта осы және басқа мәселелер өз шешімін тапса, Қазақстан тарихын ЖОО-да оқытудың бүгінгі қиыншылықтарынан абыроймен шығарымыз анық», деп ой түйеді.

Ал «Жаужүрек» атты мақалада биология ғылымдарының докторы Кеңес Қайроллаұлы қазақ тарихында болған әкелі-балалы қос батыр Барақ пен Асау батырлардың тағдыры туралы сыр шертеді. Автор қазақ тарихында Барақ есімді батырлардың көп болғанын, бүгінгі сөз болатын Барақ солардың жетіншісі екенін айтып өтеді. «Жетінші Барақ - Сатыбалдыұлы ер Барақ (1743-1840), XVII-XIX ғасырлар аралығында қазақтың солтүстік-батыс өңірін - Ақтөбе, Маңғыстау, Орал және Еділге дейінгі кең аймақты жаудан қорғап, елге танылған қаһарман тұлға. Бұл бабамыздың ерлігі жалпақ қазақ даласына танымал болған, кейін аты табын руының ұранына айналып кеткен», - деп жазады ол.

Автордың жазуынша, Барақ және оның баласы Асау батырдың (1763-1843) ерлігін толғайтын «Асау-Барақ» жыры бүкіл қазақ жұртына белгілі. Оның бірнеше нұсқалары бар, күйтабақтары мен CD-дискілері шыққан. Жырдың авторы Ті­леу­­мағанбет Аманжолұлы (жыр Қазақстан Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясының қолжазбалар қорын­да сақтаулы, № 365-бума). С.Салқыновтың «Асау-Барақ немесе табын тарихына кіріспе» атты кітабында, жоғарыда айтылған Т.Аманжолұлы нұсқасынан басқа, Е.Құлпыбаевтың «Барақ батыр», М.Ахметовтің «Барақ батырдың жыры» және Е.Білеуовтің «Барақ батыр» нұсқалары да берілген.


***

Ипотека алып, баспаналы бол­ған­дарды жалғыз пәтер­ле­рінен қуып шығу уақытша тоқ­татылды. Уақытша болған соң, біраз уақыт өткен соң жанталас қайта басталатыны белгілі.
Сонда да болса, осынау өліара кезең ипоте­кашы­ларды иен суда тал қар­мат­қандай күйге бөлеуде. Бас­панасыз қалу қаупі тағы да артқа шегініс жасады. Осы маусым айында екі отбасы пәтерінен айырылып, 20 ипотекашы ескерту алыпты. «Ескертуде егер 5 күн­де қарыздарыңызды жаппаса­ңыздар, баспаналарыңыздан шығара бастаймыз» деген мәлімдеме жазыл­ған. Жанталасқан біз банк басшы­ла­рына бұл жұмысты тоқтата тұруды сұ­рап, өтініш жаза бастадық. Бүгін­дері екінші деңгейлі банктердің бас­шылары қарызын жаппағандарды бас­панадан шығаруды уақытша тоқ­тататынын айтып, уәде берді» дейді «Ха­лыққа баспанасын қалдырайық» атты қоғамдық ұйымның белсенді мүшесі Бақыт Сүлейменова БАҚ құралдарына берген сұхбатында. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Кінәлі кім: банк пе, әлде клиент пе?» атты мақалада жазылған.

Сарапшылар бағалауынша, тұты­ну­шыларды несиелеу портфелінің 20-25 пайызы проблемалы. Төлем бойын­ша мерзімі өткендері 4 пайыздан 65 пайызға дейінгі көлемде көрінеді. Алдағы жылдары мерзімі өткен тө­лем­дер арта түсіп, ипотекашылардың жағ­дайы биылғыдан да нашарлай түспек, деп жазады газет.

«Сарапшының пайымы бойынша, қатардағы көптеген азаматтарда банк­тердің қаржылық тұрақтылығын бағалай алатындай мүмкіндіктері жоқ. Бұл олардың жауапкершілігіне де жатпайды. Қарапайым адамдар банк­тердің аудиторлық есептерін зерттеп, инвестициялық меморандумдарын талдау, рейтингтік агенттіктердің берген бағасын бақылап отыруға міндетті емес. Осыны түсіне отырып, мемлекет салымдарды кепілдендіру қорын құрады. Сондықтан да ақша­ларыңызды кез келген банкте ұста­ңыз­дар деген кеңесті батыл береді. Егер проблемалар туындап жатса, мем­лекет қарыздың негізгі бөлігін қай­та­руға көмектеседі. Ипотека нарығында да осындай принцип болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі несиенің бұл түрі өзінің ұзақмерзімдігіне байланысты талай жағдайларды басынан өтке­-ретіні белгілі. Онымен тиімді пайда­лану кез келген қарапайым адамның қолынан келе бермейді. Мысалы, ва­люталық тәуекелділікті алайық. Бір жылдан кейін доллардың немесе тең­генің ахуалы қандай болады деген жауапқа кәсіби шеберлердің өзі жауап бере алмайтынын ескерсек, қара­пайым қатардағы мұғалімнен немесе инженерден қандай жауап күтуге бо­лады? Экономиканың қалай қарай дамуы мүмкін деген сұраққа да кәсіби мамандарыңыздың өзі жарытып жауап бере алмайды. Мысалы, мұнай мен баспананың бағасы ұшып тұрған кезде несие алып, баға құлап, дағдарыс ор­наған кезеңдердің тумасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Баға да тө­мен­дейді, табыс та бұрынғыдай болмай­ды. Ал төлейтіні бұрынғыдай болып қала береді. Сондықтан да ипотека­ның күр­делі екендігін дамыған елдер түсініп, ипотекалық несиені мемле­кеттің рет­теп, керек кезінде қолдау көрсетіп оты­­руына бейімдеген. Адам жасағанды басқа адам да жасай алады», - делінген басылымда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, Қазақстан суицид бойынша үшінші орында тұр. Ал соңғы онжылдықта Орта Азия елдерінің арасында алғашқы орынды бермей келеді.
ДДСҰ ұйғарымы бойынша, 100 мың тұрғынға шаққанда 15 адам өз-өзіне қол жұмсайтын болса, бұл - ең жоғары көрсеткіш. Ал Қазақстанда 2010 жылдың дерегі бойынша, 20-21 адам бұл дүниемен қоштасуға бел буады екен. Соның ішінде жасөспірімдер суициді өршіп тұр. Бұл туралы аталған басылымның «Жалғыз қалғандардың жанайқайы» деген мақаласында берілген. Мақалада бүгінде белең алып отырған суицид мәселесі талқыланады.

«Қалай десек те, қазіргі кезде бұл мәселе өткір тұр. Оның бір ұшы тәрбиеге келіп тіреледі. Ұл мен қызды діннен хабардар етіп, өз-өзіне қол жұмсау исламда ауыр күнә екендігін түсін­діру, оның алдын алу - ата-ана парызы. Осы орайда «Меркі ата» мешітінің баспасөз хатшысы Амангелді қажы Беделбаевтың пікірін келтіре кеткіміз келеді: «Өз-өзіне қол жұмсау - Алланың берген өмірі­не наразы болу, Жаратқанға қарсы шығу болып саналатыны сөзсіз. Бұл турасында қасиетті Құран-кәрімде: «Өз-өздеріңді өл­тірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бар­маңдар). Расында (сіздерді бұдан тыйған), Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят), - деген. Бұл дүниедегі қиындықтардан өзімізге қол жұмсау арқылы құтыла алмаймыз. Бәлкім, нағыз қиындықтар бұл дүниеден өткеннен кейін, Алланың алдына барғанда, «Сен неге өз-өзіңе қол жұмсадың?», «Неге маған қарсы шықтың?» дегенде басталады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «...Ол өзін-өзі өлтірді. Сонда Алла тағала: «Пендем өз бетімен менің алдымнан шықты. Мен оған жаннатты харам еттім», - деді» деген. Яғни өз-өзімізге қол жұмсау өте қорқынышты тозақ азабына өз еркімізбен түсумен бірдей болады». «Бала - Алланың аманаты» дейді. Ендеше, аманатымызға абай болайық, ағайын!..» деген ой түйіледі мақала соңында.

Бұдан 67 жыл бұрын әлемдегі ең үлкен халықаралық әскери трибунал ретінде белгілі Нюрнберг сот процесі аяқталған болатын.
Онда АҚШ, Кеңес Одағы, Ұлыбритания және Франция үкіметтері тірі қалған неміс жетекшілерінің ішіндегі ең белгілілерін «бас әскери қылмыскер» ретінде «әлемге және адамзатқа қарсы ұйымдасқан сыбайлас қылмыстары» үшін дарға асу бойынша өлім жазасына кесіп, ол үкім 1946 жылдың 16 қазаны күні орындалған-ды. Бұл туралы «Айқын» газетінің «Нюрнберг соты немесе гитлершілдер қалай дарға асылды?» деген мақаласында жазылған. Автордың жазуынша, «Свастиканың» мистикалық құдіретінің символын білдіретін төрт «Г» - Гитлер, Геринг, Гимлер және Геббельстің ішінен «нө­мірі екінші нацист» ғана тірідей қол­ға түсті. Сөйтіп, Геринг бастаған «баскесерлерге» арналған сот 1945 жылдың 20 қарашасы күні басталып, 1946 жылы қазан айының басында аяқталды. Халықаралық Сот өткізген 403 сот мәжілісінде 116 адам куәгер ретінде сұралып, 5000 құжаттық іс қаралған. Сот ісіне байла­нысты стенограмма мәтіні орыс тілінде 39 том болды. Сол құжат­тың бәрін КСРО толық жарық­қа шығару міндетін мойнына ал­ғанына қарамастан, 8 томын ғана баспа бетіне шығарған. Сот мәжілістерін ашық түрде жүр­гізген трибуналдың дарға асу туралы үкіміне іліккендер қа­тарында Үшінші рейхтің жоғар­ғы мемлекеттік және әскери қай­раткерлері: Гитлердің оң қолы, авиация рейхсминистрі Герман Геринг, сыртқы істер министрі Иоахим фон Риб­бентроп, вермахтың жоғарғы әскери бастығы Вильгельм Кейтель, империя қауіпсіздігі бас басқармасының бастығы Эрнст Кальтенбруннер, шығыс аймақ ісі бойынша министр, ұлтшылдардың бас идеологы Альфред Розенберг, Польша генерал-губернаторы Ханс Франк, ішкі істер министрі Вильгелм Фрик, антисемиттік публицист Юлиус Штрайхер, шетелдік жұмысшы күшін пайдалану ісінің бастығы Фриц Заукель, жедел штаб бастығы Альфред Йодль, еңбек майда­нының бастығы Роберт Лей болды.

Мақалада Гитлердің қасында жүрген лауазымды тұлғалардың қалай жазаланғандары, дарға асылған кезде қанша минутта «жантәсілім» еткендері толық жазылған. Сондай-ақ, басқа да қызықты материалдар берілген.