Ал біздің еліміздің Атырау, Қызылорда, Маңғыстау сияқты құмды өңірлеріндегі бірқатар елді мекендерде бұл мәселе қай уақытта да аса өзекті. Құм арасындағы ауылда тұратын ағайынның жайы әрдайым проблема тудырып жататыны жасырын емес.
Құм көшкінініне тосқауыл қою мәселесі Маңғыстау облысындағы Үштаған, Жарма, Сазды, Сауысқан елді мекендерінде күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Әсіресе Үштаған елді мекенінін жайын ерекше бөліп айтуға болады.
Қалың құмда өсімдік атаулы тым сирек. Байланатын жері болмағандықтан тоқтаусыз көшетін құм маңын басып қалатыны өз алдына, жолды жауып қалатын сәттер де болады. Үп еткен жел тұрса болды, ауыл құмды боранның астында қалатыны тағы бар.
Маңғыстау ауданына қарасты осы Үштаған ауылында құм көшкініне тосқауыл болуы үшін он бес жылдан астам уақыттан бері сексеуіл тұқымдас бұталар егіліп келеді. Бүгінде ауыл маңында аумағы 600 гектардан асатын сексеуіл алқабы пайда болған. Ауыл әкімі Медет Бекмурзиннің сөзінше, бұталар отырғызу бойынша кешенді жұмыстардың арқасында құм көшуі мен боранның салдары тоқсан пайызға дейін кеміген.
«Үштаған ауылы бойынша бораған, көшкен құмға тосқауыл қою жұмыстары негізінен 2007 жылы басталды. Алматы географиялық институтының өкілдері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сол кісілердің кеңесімен ағаш-бұта отырғызу ісі қолға алынды. Оған округ әкімдігі 1300 гектар жер бөлген. Ал 2022 жылы сол аумақтың 648,8 гектары Бейнеу ормандарының қарауына берілген болатын. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округіндегі Жарма, Сазды, Сауысқан елді мекендерінде де осыған ұқсас құм тоқтату жұмыстары басталды. 2022 жылдың қыркүйек айында қолға алынған кешенді жұмыстар үш елді мекен бойынша алты жылға, яғни, 2027 жылдың аяғына дейін жоспарланған. Ағаш отырғызу жұмыстарын «Жасыл әлем» ЖШС жүзеге асырып, Үштаған ауылындағы шаралар оң нәтижесін берді. Жарма, Сазды, Сауысқан елді мекендеріндегі жұмыстарды да аталған серіктестік жүргізіп жатыр», - дейді ауыл әкімі.
Елді мекендерді көшпелі құмнан қорғау мақсатында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен сексеуіл егу жұмыстары 2004 жылдан бастап жүргізіліп келе жатыр. Басқарма басшысы Әсел Балманованың айтуынша, Үштағандағы ауқымды жұмыстар 2007 жылы басталыпты. Сенек, Үштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарының айналасында осы күндері 3329 гектар алқапта жасыл оазис пайда болған. Үштаған ауылының «Бостанқұм №1», «Бостанқұм №2» жер учаскелерінің жалпы аумағы 648,8 гектарға жетіп отыр.
«Осы жұмыстарға айтарлықтай қаражат бөлінген. Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында 125 440 000 теңге қарастырылып, толық игерілген. Нақты айтқанда, 2019 жылы ауылда 88 244 түп қара сексеуіл, 88 242 түп жүзгін отырғызылды. Ал 2020 жылы 80 мың қара сексеуіл, 77 мыңнан астам түп жүзгін егілді. 2021 жылы да 22 мыңнан астам қара сексеуіл, 22 мың түп жүзгін отырғызылған. Ал кейінгі үш жылда тағы да 190 466 дана қара сексеуіл, 188 241 дана жүзгін талы егіліпті. Құм көшкінінің алдын алу шаралары оң нәтижесін берді», – дейді Әсел Аманбекқызы.
Соңғы жылдарда құм көшкіндері кідіріп, оның тоқтаған жерінен ауылға дейінгі біршама аралықты құм алмайтын болды.
«Сексеуілге бөлінген қаржы құмға сіңген судай болған жоқ па?» деген сауалға қатысты басқармасы басшысы өз жауабын берді.
«Орман кодексінің 56-бабының 3-тармағына сәйкес, орманды орналастыру жобасы бойынша биыл зерттеу жұмыстары қолға алынбақ. Сол зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұрын отырғызылған көшеттердің тамыр жаю жағдайлары анықталады. Жалпы, сексеуіл ағашы суаруды қажет етпейді. Сондықтан ол құм тоқтату жұмыстарына кеңінен пайдаланылады. Әрине, бұл жерде ауыл тұрғындарының жауапкершілігі де қажет. Олар өз үйлерін құмнан қорғайтын сексеуіл ағаштарына қиянат жасамай, керісінше қамқор бола жүруі керек», – дейді Әсел Балманова.
Құм құрсауында отырған Үштаған ауылының айналасында сексеуіл отырғызу жұмыстары 2021 жылы аяқталған. Ал 2022 жылы Үштаған, Тұщықұдық, Шебір және Сенек ауылдарындағы барлығы 3328,9 гектар жасыл оазисті қорғау мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен «Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» КММ-нің қарауына берілген. Осыған орай, Бейнеу орман шаруашылығы мекемесіне қосымша 4 орманшы (әр ауылға 1 орманшыдан) және қосымша 8 көмекші қызметкер жұмысқа қабылданды. Оның ішінде Үштаған орманына екі жұмысшы мен бір орманшы жауапты.
Жалпы, оңайлықпен сынбайтын, жарылмайтын сексеуіл құм көшкіні жиі болатын аймақтарда өте пайдалы ағаш. Әр кезде құмнан қауіп туып, мазасы қашқан жұртқа осы бұта қорған бола алады.
Экологтер бір ғана сексеуіл үш тоннадан аса құмға бөгет болатынын айтып отыр. Бір қуанарлығы, өңірдегі барлық елді мекендер газбен қамтамасыз етілгендіктен, сексеуілді отынға таситындар азайған. Қайбір жылы сексеуілді отауға мораторий де жарияланған болатын. Оның үстіне, қолдан ағаш отырғызу құмда отырған елдің күпті көңілін сейілтіп, ауылдың мамыражай тіршілігіне үлкен үміт сыйлады. Маңғыстаудың бір қиырындағы ауылға сексеуілдің осындай орасан зор пайдасы бар.