19:01, 30 Сәуір 2009
Облыс әкімдігі қазақстандық мөлшерді арттыру бойынша барлық кәсіпорындарға көмек көрсететін болады
АҚТАУ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысының әкімдігі болашақта да «қазақстандық қатысу» мониторингін жалғастыратын және бұл үлесті арттыру бойынша шаралар қабылдайтын, меншік нысанына қарамастан кәсіпорындарға тәжірибелік көмектер көрсететін болады.
Бұл туралы бүгін өткізілген баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары А.Айтқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ағымдағы жылғы наурыздың 4-інде Ақтау қаласында қазақстандық қатысуды арттыру бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө. Шөкеевтің, энергетика және минералдық ресурстар, индустрия және сауда министрлері мен басқа да орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен кеңес өтіп, оның аясында өңірдің жер қойнауын пайдаланушы компаниялары мен жергілікті тауар өндірушілері, сондай-ақ сервистік компаниялар арасында 229 млрд. теңге сомасында меморандумға қол қойылған болатын. Аталған кеңестен тыс қосымша тағы да 13 млрд. теңге қарастырылған меморандумдарға да қол жеткізілген еді. Осынау меморандумдарға сәйкес 3 жылға жоспарланған сатып алулардың жалпы көлемі 248 млрд. теңгені, оның ішінде 2009 жылға 81 664 млрд.теңгені құрады.
Бүгінгі күнге 2009 жылға арналған меморандум аясында тағы 64 млрд. теңге мөлшерінде келісімшартқа қол қойылды. Меморандумда көрсетілген сатып алулар көлемінен тыс қосымша облыс кәсіпорындарының арасында бұдан басқа 45 млрд. теңгеге келісімшарттар жасалды.