Облыс әкімінің қатысуымен Теміртау қаласында «Елбасы жолы» киноэпопеясының көрсетілімі өтті

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ел үшін елеулі, халық үшін қилы да қиын кезеңдерде тарих сахнасына ұлттық көшбасшы шығады. Қоғамды ұйыстырып, халықты біріктіреді. Ұлт тұтастығы мен бірлігін сақтайды. Мемлекеттің діңгегін нығайтады. Ал Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтеріп, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған - Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені айдан анық.

Кеше облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің қатысуымен Теміртау қаласында «Елбасы жолы» киноэпопеясының көрсетілімі өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. «От өзен» және «Темір тау» деген екі бөлімнен тұратын фильм көркемдік ерекшелігімен, режиссуралық шеберлігімен, актерлердің шынайлығымен көз тартады. Екі ғана бөлімнен тұрса да, тұнып тұрған күрес бейнеленеді. Ұлт мүддесі, туған халқының келешегі, жарқын болашағы үшін күрес.

Фильмнің қоғамдық көрсетілімі дәл Теміртауда көрсетілуі тегін емес. Елбасының алғашқы еңбек жолы дәл осы металлургтер қаласынан басталғанын мақтанышпен айта аламыз бүгінде. Құрышты қалада шындалды. Кемелденді. Өрледі. Саяси ерік жігері қалыптасты.

«Ұлт лидері тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде дамудың қазақстандық жолын іздестірді. Өзіндік бағытты таңдады. Қиын-қыстау кезеңдерде Мемлекет басшысы экономикалық және саяси дамудың ұлттық үлгісін дүниеге әкелді. Ешкімнің ойына келмеген, өміршең шешімдерді батыл қабылдады. «Елбасы жолы» фильмінен біз бұны анық байқадық», - дейді киноэпопеяны тамашалаған Елбасының қызметтес, серіктестері.

ХХ ғасырдың соңында КСРО тарап, тәуелсіз мемлекеттер бөлінген кезде АҚШ-тың экс-президенті үлкен Джорж Буштан журналистер сұрапты: «Осы жас мемлекет басшыларының ішінен кім сенімді басшы бола алады?» - дегенде, ол қысқа ғана: «Нұрсұлтан Назарбаев. Ол болашақты алдын ала және дәл болжай алады», - депті. Бұл - тарихи шындық!

«Сырт көз - сыншы». Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілет-қарымын, саяси іс-қимылын, сұңғыла саясатын әлемнің білікті мамандары қапысыз мойындап отыр. «Ол - Ата заңын ұлықтап, әлемдік көшбасшылыққа ұмтылған еркін елдің, қуатты мемлекеттің негізін қалаған ұлттық феномен. Тамаша тактик, бірегей стратег, табанды реформатор». Халықаралық сарапшылардың берген әділ бағасы - бұл. "Елбасы жолы" көркем фильмі әрбір қазақстандықты бейжай қалдырмайтыны хақ.