Облыс басшысы өңірге танымал ардагерді қабылдады - БҚО

ОРАЛ. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 10 сәуірде облыс әкімінің міндетін атқарушы Бақтықожа Ізмұхамбетовті өңірге танымал еңбек ардагері Сатыбалды Ахметовті 75 жасқа толуына орай қабылдады.

Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасы сайлауында батысқазақстандықтардың ұйымшылдық танытқанын, Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне ресми кірісуі ел өміріндегі басты оқиға болғанын айтып, өз ойларымен бөлісті.

Өмірін комсомол, партия қызметтеріне арнаған Сатыбалды Ахметов кездесу барысында кезінде өзі басқарған Шыңғырлау ауданы тұрғындарымен жиі хабарласып тұратынын, олардың тұрмыстары жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, мұның бәрі Елбасының халықшыл саясатының арқасы екендігін атап өтті.

Жылы шырайлы қабылдау барысында Бақтықожа Салахатдинұлы мерейтой иесіне игі тілегін арнап, гүл шоғымен бірге естелік сыйлық тарту етті. Мерейтой иесі өзінің ұзақ жылғы еңбегін бағалап, осындай құрмет көрсеткені үшін Б.Ізмұхамбетовке алғысын білдірді.