Облыс басшысы ресейлік ғалымдармен кездесті

ОРАЛ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Сәуірдің 15-і күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Санкт-Петербор мемлекеттік малдәрігерлік медицина академиясының ректоры, малдәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент-мүшесі Анатолий Стекольников пен

Бүкілресейлік құс шаруашылығы малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының директоры, малдәрігерлік ғылымдарының докторы Эдуард Джавадовты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өңірде сүт фермаларын ұйымдастыру өткен жылдан бастап қолға алынған болатын. Ендігі міндет ? сүтті ірі қара тұқымын алдырып, арнайы фермалардың санын, өнімділігін көбейту. Облыс осындай мақсатпен көрші Ресейдің Ленинград облысымен тығыз байланыс орнатты. Батысқазақстандық мамандар осы облыста болып, ондағы сүт фермаларының жұмысымен танысып қайтқан еді. Осындай іскерлік байланыстың жалғасы ретінде Ресей ғалымдары облыс әкімінің шақыртуымен облысқа келді. ? Батыс Қазақстан облысында үлкен бастама қолға алынған екен. Бұл бастаманы біз де қуаттаймыз. Ресей ? сүт өнімдерін өндіру саласында әлемдегі көшбасы елдердің бірі әрі біздегі асыл тұқымды сүтті мал бұл жақта да тез жерсінеді. Себебі климаты өте ұқсас. Сондай-ақ мұнда етті құс шаруашылығын (бройлерлік) дамытуға да көңіл бөліне бастаған. Бұл - өте дұрыс. Мұхиттың ар жағынан мұзбен қатырылып жеткізілетін құс етінің сапасы төмен болады. Осы жерде өндіріліп, тұтынушыларға салқындатып қана сатылатын еттің сапасы да, дәмі де жоғары болары белгілі. Ресейде етті құс шаруашылығы да жақсы дамыған. Облыс әкімімен кездескенде осындай мәселелерді талқыладық, ? деді Эдуард Джавадов. Бұл екі жақты байланыстың басы ғана. Алдағы маусым айында екі елдің ғалым, мамандарының басын қосатын үлкен форум өткізу жоспарланған. Болашақта Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы студент-жастар өздерінің өндірістік тәжірибесін Ресейдің Ленинград облысындағы сүт пен құс шаруашылығы фермаларында өткізетін болады. Кейін Ресейден алынатын сүтті сиыр тұқымдарын, бройлерлік құстарды бағып-қағу міндетін де арнайы дайындықтан өткен осындай мамандар атқарары сөзсіз. Кездесуде осы мәселелер және алдағы форумға дайындық жайы да кеңінен сөз болды.