Облыс басшысы жұмыс сапарын күрделі жөндеуден өткен Жалпақтал ауруханасының жай-күйімен танысудан бастады. Содан кейін Жалпақтал ауылында жасақталатын мұражай орны және демалыс алаңын көрді. Ауыл ақсақалдарымен кездесіп, олар қойған әртүрлі сауалдарға жауап қайтарып, облыста атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Әкім аудан орталығы Қазталов ауылында жаңадан салынған қонақүйдің ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ Әжібай ауылында жаңадан пайдалануға берілген балабақша жұмысымен де танысты. Бұдан кейін аудан орталығында аз ғана мерзім ішінде салынып біткен 280 орындық «Нұрбалапан» жаңа балабақшасының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі және сыйлық табыс етті.
Балабақшаның ашылу салтанатында сөз алған еңбек ардагері Ихсан Құтқожин, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Әлім» ЖШС директоры Ержан Бақтияров, балабақша директоры Айгүл Қабирова бүлдіршіндерге осындай ғажайып орын жасаған, оған қолдау көрсеткен облыс, аудан әкімдіктеріне алғыстарын жеткізді.
Бұл салтанатты шарадан кейін облыс әкімі орталық алаңның болашақ жасалар жобасын көріп, танысты.
Облыс басшысы мәдениет үйінде өткен аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысты.
Халық жиынында аудан әкімі Табылғали Сапаров ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жөнінде баяндама жасады. Кездесуде сөз алған еңбек ардагерлері Кәрім Өтеғұлов, Ораш Малаев, Есімхан Меңешев және басқалары Қазақстанда Елбасы тапсырмаларына сәйкес жүргізіліп жатқан ұланғайыр істерге оң баға бере келіп, облыс, аудан әкімінің жұмыстарына ризашылықтарын жеткізді.
Халықпен кездесу жиынында сөз алған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Бүгінгі қазталовтықтармен кездесуім Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауынан кейін болып отыр», - деді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтер жылда халыққа арнаған Жолдауында Елбасымыз білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік тіл, тұрғын үй, «Таза су» бағдарламасы, халықты жұмыспен қамту бағытында кешенді жұмыстар бағдарламасын жасап, жүзеге асыруды міндеттеді.
Облыста соңғы кезде көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, соңғы үш жылда 200 мектеп жөнделсе, апатты жағдайда тұрған 17 мектептің 12-сі жаңартылды. Дегенмен мынаны ескеру керек. Бала саны 300-ге жетпесе, үлгі жобадағы мектеп салынбайды. Қазталов ауданындағы Бостандық ауылында мәдениет үйін, аудан орталығында саз мектебін салу қарастырылуда.
«Өңірде, соның ішінде оңтүстік аудандарда жол мәселесі өткір тұр. Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолының салынуына байланысты Чапаев-Қазталов-Жәнібек жолдарын асфальттау кешігіп жүруде. Мұны облыс бюджеті көтермейді. Дегенмен биылғы жылы жол салуға 1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы осы жаққа бөлінеді. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің қызметтік көліктері ескірді. Бұл мәселе де назарда тұр. Қазталов ауданы орталығындағы бұрынғы наубайхана ғимаратын спорт кешеніне айналдыру жұмысы да бақылауда», деген облыс басшысы басқа да өзекті мәселелерге жұртшылық назарын аударды.
Облыс әкіміның жұмыс сапары бүгін Жәнібек ауданында жалғасады.