Астанаға аттанар алдында ҚазАқпарат тілшісінің бірнеше сұрағына жауап берген еді.
- Қылышбай Алдабергенұлы, бұл каникул кезіндегі уақытыңыздың өте қарбалас өткенін, оның негізінен аймақтағы сайлаушылармен кездесуге арналғанын жақсы білеміз. Дегенмен, осы кездесулер жайында өз аузыңыздан естісек деп едік...
- Дұрыс айтасыз, әдеттегіше демалыс уақытын халықпен кездесуге арнадық. Бұл жолы қасымда Парламенттегі әріптесім Сейітсұлтан Әйімбетов болды. Екеуміз тамыздың 25-іне дейін он күн бойына облыстың барлық аудандарын аралап шығып, сайлаушылардың мұң-мұқтаждарымен таныстық, жақсы лебіздерін естідік. Кездесулерге «Нұр Отан» ХДП мүшелері, аудандық әкімшілік қызметкерлерімен қатар мекеме басшылары, басқа да саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Мен көбіне өз сөзімде қабылданғанына он бес жыл толып отырған Ата Заңымыз, осы мерейлі кезеңді атап өту турасында әңгімеледім. Осы аз ғана уақыт ішінде мемлекетіміздің іргесін қатайтып, шаңырағын биіктете түсуіне, қазіргі таңда қоғамдық-саяси өмірдің бар саласында өркениетті, дамыған елдердің қатарына қосылудың даңғыл жолына түсуде, көптеген күрделі де келелі мәселелерді әлемдік өмір тәжірибесін ескере отырып, тиімді шешудегі өзіндік қолтаңбамызды қалыптастыруда жаңарған Конституциямыздың маңызы өлшеусіз екенін атап өттім.
- Енді маусым айында аяқталған Парламент Мәжілісінің үшінші сессиясына келейік. Осы уақыт аралығында депутаттар мемлекет үшін қажетті ауқымды заңдар шығарып үлгерді ғой. Сөздің сыралғысында осы жайында не айтар едіңіз?
- Мұныңызға да келісемін. Біздің сайлаушылар алдында сөйлеген сөздерімізде көп тоқталған тақырыптарымыздың бірі де осы болды. Мен мүшесі болып табылатын Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті үшінші сессияда 17 заң жобасы бойынша бас комитет болды, олардың ішінде 14 заң жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізсе, 3 заңды депутаттар әзірлеп, оны қабылдауға бастамашылық етті. Осы заң жобаларының 6-уына Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды, 1-і екінші оқылымда мақұлданғанын тұрғындарды хабардар етті. Әлеуметтік қамсыздандыру саласында іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Онда аналарға, зейнеткерлерге, Кеңес одағының Батырларына, Даңқ орденінің толық иегерлеріне, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдарға, олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы және КСРО құрама командаларының құрамына кірген және кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар спортшылар мен бапкерлерге берілетін жәрдемақыларды көбейтуге қатысты түзетулер енгізілді. Мысалы, мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері Кеңес одағының батырларына, үш дәрежелі Даңқ орденінің иегерлеріне және Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы құрметті атағы берілген адамдарға айлық есептік көрсеткіштің 130-ға дейінгі мөлшерінде, Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын, Социалистік Еңбек ерлеріне айлық есептік көрсеткіштің 15-тен 70-ке дейінгі мөлшерінде арттырылғанын жеткізді.
- Қазір елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бағытында үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Одан Қызылорда облысы да сырт қалып отырған жоқ.
- Өзіңізге де мәлім, бұл шаралар Елбасының биылғы жылы Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындап отыр. Осында Мемлекет басшысы еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ұсынды. Мен кездесулерде осы мәселеге де кеңінен тоқталдым. Стратегиялық мақсаттар үдесінен шығу үшін келесі 7 бағыт бойынша алдыңғы қатарлы ғылымды, ғылым сіңіргіш технологияларды дамыту қажеттілігі айтылды: агроөнеркәсіптік кешен, мұнай өңдеу, энергетика, химия мен дәрі -дәрмек өндірісі, құрылыс индустриясы, көлік және ақпараттық коммуникациялар саласы. Қызылорда облысында тау-кен саласы, мұнай-газ секторы, химия өнеркәсібі мен аграрлық индустрияны дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылуға қабылданып отыр. Аймақта қазіргі күндері битум, асфальт, қиыршық тас және басқа да құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар, мұнай өңдеу және ілеспе газды өтелдеу кешенін, аграрлық сектор кәсіпорындарын салу жобалары қызу қолға алынған. Облыс көлемінде бүгінгі күнге дейін құны 20 млрд. теңгеден астам 7 жоба жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 3 жобаны орындау көзделіп отыр.
Біздің назарымыздан өңірлерде «Жол картасы» бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар да тыс қалған жоқ. Мен осы сөздің аясында елімізде кәсіптік білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін жастар практикасын ұйымдастыруға 2010 жылы 3,2 млрд. теңге көзделгенін айттым. Жастар практикасы бағдарламаларын кеңейту шеңберінде 6900 кәсіпорын және ұйымдармен келісімшарт жасалып, жұмыспен қамту органдары 14700 бітірушіні жұмысқа жіберді, оның ішінде Қызылорда облысы бойынша 204 млн. теңге бөлініп, 831 бітіруші жұмысқа тартылған.
- Кездесулерде тұрғындарды қандай мәселелердің көбірек толғандыратыны байқалды?
- Бұрынғыдай емес, ондай өзекті мәселелердің тізбегі де азайып қалыпты. Дегенмен, жұртты ауызсу, аяқсу мәселелері, әлеуметтік жәрдемақылар мен тегін медициналық көмек жайы көбірек айтылды. Мәселен, Арал ауданында тұрғындар осындағы Балғабай каналының бойына тоспа-реттегіш салуды қозғады. Бүгінгі күні осы құрылыстың болмауынан су деңгейі елді мекен аймағынан төмен. Егер бұл құрылыс салынса, ауылдың бірнеше әлеуметтік мәселелері шешілетіні сөзсіз. Яғни, балық өсіру мен оны аулау, малшаруашылығы мен егіншілік өндірісін дамытуға алып келеді. Бүгінгі күні егін егуге арнайы субсидиялар берілуде. Дегенмен, өндіріп жатқан күріштің бағасы арзан, ал оны суғаруға қажетті судың бағасы төрт есеге дейін қымбаттап кетті. Демек, қазір бір жағынан көмек берілсе, екінші жағынан қиындықтар кездесуде.
Бұлардан бөлек Қазақтелеком мен КРЭК бөлімшелеріне қатысты мәселелерді көтерді. Осыған орай біз елді мекендерге ауыз су құбыры жүйелерін жүргізу, ауылдардың ішкі жолдарына асфальт жабындыларын төсеу, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мәселелерін шешудің жолдарын атап өттік. Жұмысшы мамандар даярлайтын техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарының материалды-техникалық базаларын жақсарту және жоғары кәсіби білім алған мамандармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу және қосымша мамандықтары бойынша кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған курстар ашу бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі екендігіне назар аудардық. «Жол картасы» шеңберінде жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін шешуді ұсындық.
Кездесулер барысында біз С.Әйімбетов екеуміз Қызылорда облысында орналасқан бірнеше әлеуметтік жаңа нысандармен де таныстық. Атап айтқанда, облыс бойынша «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзит дәлізінің, Арал ауданының 300 орындық мәдениет үйінің, Жаңақорған ауданындағы 1200 орындық №110 мектептің, Қызылорда қаласында салынып жатқан ипотекалық тұрғын үй кешенінің және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университет спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыстарын араладық. Сонымен қатар, «РЗА» АҚ ірі қара-сүт фермасының, «Тату Агро» шаруа қожалығының, қиыршық тас өндіретін «Шиелітас-Оңтүстік» ЖШС, Жаңақорған ауданындағы «Казатомөнеркәсібі» ҰК-ның күкіртқышқыл шығаратын зауыты құрылысының жұмыстарымен таныстық.
Іссапар барысында депутат ретінде «Нұр Отан» ХДП қоғамдық қабылдауында облыс азаматтарының өтініштері бойынша қабылдау өткіздім. Қабылдауға келген қызылордалықтар кезінде Семей полигоны аймағында тұрған азаматтарға арнайы жеңілдік ала алмай отыру мәселесін, Өзбекстаннан 1982 жылы құжатсыз келген азаматтың төлқұжатын рәсімдеу жайлы, әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақы тағайындау, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселелері, жоғары оқу орындарында ақылы негізінде білім алып жатқан студенттерге жеңілдік қарастыру жөнінде мәселелер қойды. Мен қоғамдық қабылдауға келгендерді барлық көтерілген мәселелер бойынша құзыретті мемлекеттік органдарға сауал жолданатынына және оның орындалуы тұрақты бақылауда болатынына сендірдім. Бір сөзбен айтқанда, кездесулер өте сапалы өтті деп ойлаймын.