Облыстық сотта мемлекеттік рәміздер күніне орай дөңгелек үстел отырысы болды - БҚО

ОРАЛ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық сотында мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 20 жыл толуына орай кеше, 29 мамыр күні дөңгелек үстел отырысы болды.

Биылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік Елтаңба, Ту және Әнұран туралы алғашқы заңдарға қол қойғанына 20 жыл толады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - бұл егемендік пен тәуелсіздіктің, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің нышандары.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен Айжан Қапулованың хабарлағанындай, аталмыш шараны ашқан облыстық соттың апелляциялық сот алқасының төрағасы Теміржан Нұғманов өз алдына егемендік алып, отау көтерген әрбір мемлекеттің  ажырамас бөлігі оның Елтаңбасы, Туы және Әнұраны екенін айтты. Мемлекеттік рәміздер еліміздің саяси егемендігі мен тәуелсіздігінің белгісі болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы тарихында еліміздің ресми рәміздері ерекше орын алады.

Дөңгелек үстел отырысында Қазақстан Респуликасының мемлекеттік рәміздері - Елтаңба, Ту және Әнұран туралы баяндамалар жасаған облыстық сот кеңсесі басшысының орынбасары Сабыржан Есжанов, ұйымдастыру-талдау бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанар Хамза және бас маман Гүлжанар Ғұсман халық арасында соның ішінде өсіп келе жатқан жас ұрпақты қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығына арналған  дөңгелек үстел отырысы барысында еңбегімен ерекшеленген Батыс Қазақстан облыстық сотының қызметкерлеріне құрмет грамоталары табысталды.