«Офсеттік саясат туралы» Заң өндіріске заманауи технологияларды және жаңа шешімдерді енгізуге септігін тигізбек - «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС-нің бас директоры

АНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілердің үлес салмағын ұлғайту - ұлттық экономика мүддесі үшін аса тиімді болғандықтан, ол әлемдік дағдарыс кезеңінде өзекті мәселеге айналды. Ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және мемлекеттік органдар былтыр 3,5 трлн. теңгенің тауары мен қызметін тұтынған. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 22 пайызын құрайды.

 Экономикамызға берер әлеуетін ескерген Үкімет офсеттік саясатты қалыптастыру мәселесін шындап көтере бастады. Қазір «Офсеттік саясат туралы» жаңа заң жобасы жасақталып, құқықтық негізін жасау жұмыстары басталып та кетті.    Қазақстан үшін мүлде таңсық болып табылатын «офсеттік» саясаттың нендей игіліктері бар, мемлекеттік сатып алу саласында «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры мен отандық өндірушілер арасындағы әріптестік қалай дамуда?

 «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Сәбденовпен ҚазАқпарат тілшісінің сұхбаты осы бағытта өрбіді.

  - «Самұрық-Қазына» тобына енетін компаниялардың мемлекеттік сатып алуларында қазақстандық мөлшердің иеленетін үлесі қандай?

  

    - 2009 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры тобындағы кәсіпорындар жалпы сомасы 1 782 млрд. теңгеге сатып алу тапсырыстарын жасады. Шілденің 8-індегі жағдай бойынша, Қордың еншілес компаниялары 1 072 млрд. теңгенің тауарлары мен қызметтерін сатып алған. Соның ішінде Қазақстан Республикасының резиденттерімен жалпы құны 855 млрд. теңгенің келісімдеріне қол қойылды. Резиденттер емес тұлғалармен 187 млрд. теңгенің келісімшарттары жасалды. Демек, отандық өндірушілер мен тауар жеткізушілердің үлес салмағы едәуір екендігіне, шамамен 60 пайызды құрайтынына көз жеткізуге болады. Аталмыш келісімшарттарды орындау барысында қызмет пен тауар жеткізушілермен 1 452 қосымша жұмыс орны ашылды.  Сонымен бірге Қордың еншілес компаниялары отандық кәсіпорындармен іскерлік әріптестікті дамытуға бағытталған 135,8 млрд. теңге болатын 465 меморандумға қол қойды. Аталмыш меморандум аясында жасалған сатып алу келісімдерінің көлемі айтарлықтай. Тараптар 1388 келісімшарт жасасты. Шарттардың жалпы сомасы 105,2 млрд теңгеге бағаланып отыр.

  

 -  Мемлекеттік сатып алу кезінде нарықтағы бағаларға және жеткізушілер ұсынған бағаларға мониторинг жүргізіле ме? Бақылау шараларының тиімділігін қалай бағалайсыз? Жеткізушілер тарапынан  бағаны себепсіз көтеру оқиғалары анықталған кездер болды ма?

  

 -  «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС-нің маңызды қызметінің бірі жарияланған лот құны 75 млн. теңгеден асатын мемлекеттік сатып алу байқауларындағы баға сәйкестігін бақылау, баға маркетингісін жасау болып табылады. Ал Қор тобындағы мекемелердің сатып алынатын тауарлар бағаларын қисынсыз жоғарылату оқиғалары тіркелді және әлі де болса анықталып жатыр. Бұл фактілер жүйеге келтіріліп, ары қарай тиісті шаралар қолдану үшін «Самұрық-Қазына» Қорына жолданады.

      Мемлекеттік сатып алулар кезінде лоттардың құнын көтермелеу, лоттарды дұрыс құрастырмау, тендерді өткізу уақытынан жаңылысу сияқты ережелерді бұзудың барлық оқиғалары тексеруге жатады. Тексерістердің соңында ұсыныстар мен  міндетті түрде тиісті шаралар қолданылады.

      Біз «Самұрық-Қазына» Қорының тапсырмасы бойынша бірқатар мемлекеттік сатып алу процестерін жіті тексерістен өткіздік, нәтижесінде Қорға кіретін компаниялармен жарияланған тендердің 6-уын тоқтату жөнінде, 8-іне тиісті құжаттарды қайта ретке келтіру жөнінде шешімдер шығарылды. Мемлекеттік сатып алу процесін жүргізуге жауапты 11 қызметкерге тәртіптік жазалар тағайындалды.

   -  Мемлекеттік сатып алу үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тендерлік комиссияға қоғамдық ұйымдар өкілдерін қатыстыру тәжірибесі енгізілгені белгілі. Өткен тендерлердің барысына қарап, аталмыш қоғамдық ұйымдарды үрдіске қатыстыру өз тиімділігін берді деп айта аласыз ба? Маңызды мәселеде немесе сәттерде осы өкілдердің шешуші рөл атқарған кездері болды ма?

  

   - Шынында да, «Самұрық-Қазына» Қорының мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде жазылғанындай, «Самұрық-Қазына» Қорының компаниялары тендерлік комиссия мүшелігіне қоғамдық ұйымдардың және бірлестіктердің өкілдерін қосу міндетті. Мемлекеттік сатып алу үрдісінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында «Самұрық-Қазына» Қоры мен «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы, «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасы өзара меморандум шартына қол қойған болатын. Бұл Қор тобындағы компаниялармен жүргізілетін мемлекеттік сатып алу үрдісіне қоғамдық ұйым өкілдерін қатыстырудың құқықтық негізін қалауға мүмкіндік берді.

     Осы ретте «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен»  одағы» өкілдерінің белсенділігін ерекше атап өткім келіп тұр. Олар осы істе өздерін енжар қатысушысы ретінде емес, тендер барысын қарастыруда және оның қорытындысын шығаруда шешуші сөз айта білетін белсенді күш ретінде көрсетіп жүр.

      Жыл басынан бері «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компанияларында өткен ашық тендерге қатысты «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен»  одағынан  үш маңызды пікір түсті. Бұл пікірлер қаралғаннан кейін, мемлекеттік сатып алу ұйымдастырушыларына тендерлік құжаттаманы ретке келтіру жөнінде тапсырма берілді.

   

 -  «Офсеттік саясат туралы» заң жобасының негізгі басымдықтары жайында айтып берсеңіз?

  

 -  «Офсеттік саясат туралы» заң жобасын әзірлеуші ҚР Индустрия және сауда министрлігі. Заң жобасы офсеттік келісімшарт жасасу кезінде тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтап, өзара әріптестік қарым-қатынастарын заңдық реттеуге бағытталған. Заң жобасының тағы бір міндеті офсеттік әріптестік қатынастарын дамыту.

      Біз, яғни «Самұрық-Қазына Келісімшарт» серіктестігі заң жобасына қатысты бірқатар ұсыныстар дайындап, Индустрия және сауда министрлігіне жолдаған болатын. Бұл ұсыныстардың қатарында Қор бекіткен «Қазақстандық мөлшерді дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасы» да бар.  Бағдарламаның діттегені елде импорт алмастырушы кәсіпорындарды құруға, оларды одан әрі кеңейтуге және жетілдіруге арналған инвестициялар мәселелеріне, жаңа технологияларды енгізуге, қызметкерлерді осы технологияларды қолдануға мамандандыру үшін арналған білім бағдарламаларына қатысты болды.  

      

    -  Отандық кәсіпорындар үшін «Офсеттік саясат туралы» заң жобасы не береді? Қазақстанда қызметтерін асырып жүрген шетелдік компаниялар мүддесі үшін жағымды немесе тиімді емес жақтары бар ма?

     -  Заң жобасы Қазақстан нарығында өзінің позицияларын күшейтіп, кәсіпорнын дамытуға мүдделі, заманауи технологиялар мен жаңа шешімдерді енгізіп, өндірісті кеңейтуге ұмтылатын, бәсекеге қабілетті кәсібін құруға ынталы отандық тауарөндірушілер үшін пайдалы болмақ. Офсеттік әріптестік аясында қызмет атқаратын шетелдік компаниялар кеден және көлік тасымалына кететін шығындардың азайтылуына байланысты, шығаратын тауарларының өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік алмақ. Егер шетелдік капиталдың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құрылып, жаңа технологиялар енгізілсе, отандық нарықта шетелдік компаниялардың позициясы беки түсетіндей ұзақ мерзімді мүмкіндіктер ашылмақ. Себебі технологияны жетілдіріп, әрдайым жаңартып отыру шетелдік компаниялардың қатысуымен өтетін ұзақ мерзімді жұмыс. Айта кететін бір жайт, кәсіпорындарға техникалық қызмет көрсету және ары қарай сүйемелдеу шетелдік кәсіпкерлер үшін үлкен кіріс көзі болып саналады. Кейбір шетелдік компаниялар ел нарығындағы Қытай тауарларының көптігін алға тартып, Қазақстанда тауар және оның жиынтықтарын жасау, өндіріске қазіргі заманғы технологиялар енгізу экономикалық жағынан тиімсіз деп мәлімдеуі мүмкін. Бірақ қай мемлекет болмасын, отандық өнеркәсіпті дамытуды ойлайды. Экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге тырысқанды қалайды. Сондықтан әр елде өзінің ойын ережелері болады. Тауар жеткізушілер бұл ережелерді қабылдап, соның шеңберінде жұмыс жасауы тиіс.

  • - Әңгімеңізге үлкен рахмет!