ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов аудандық №2 сотының үкімімен ресейлік азамат ҚР ҚК 287-бабы 3-бөліміне (оқ-дәріні заңсыз сақтап, тасымалдау) сәйкес айыпты деп танылып, оған 500 АЕК көлемінде 1 млн. 60,5 мың теңге айыппұл салынды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Зеленов ауданы «Шаған» шекаралық бақылау бекетінде РФ азаматы айдап келе жатқан «Лексус» автокөлігінің ішінен біреуі «шолақ» аңшы мылтығына, екеуі 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығына арналған 3 дана оқ-дәрі табылған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, оқ-дәрілер атуға жарамды болып шыққан.
Сотқа дейінгі тергеу барысында Зеленов ауданының прокуроры және сотталушы қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын сақтай отырып, кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге келген. Үкімнен кейін оқ-дәрілер жоюға жіберілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).