Осы іс-шаралар жоспары аясында аудандағы №1 жалпы орта мектеп-интернатының базасында мектеп жасындағы жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың, темекі шегу, нашақорлық пен алкогольизмнің алдын алу мақсатында ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен кездесу өтті.
Кездесуге аудан прокуроры Әбдутәліп Мұстафаев, облыстық наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері Раушан Баймұрынова, аудандық білім бөлімінің басшысы Ақбала Құлымбет, ішкі істер бөлімі қызметкерлері, тәрбие саласына жауапты мамандар, 9-10-11 сынып оқушылары мен ата-аналар қатысты.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша аудан прокуроры Ә.Мұстафаев қазіргі таңда жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыстар мен олардың арасында кездесіп отырған келеңсіз жағдайларға тоқталып өтті. Облыстық наркодиспансердің нарколог дәрігері зиянды заттардың адам өміріне қауіптілігі жөнінде ақыл кеңестерімен бөлісіп, бейнероликтер көрсетілді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы өз сөзінде оқушыларды тәртіпті болуға шақырып, мектепте алған білімді тәрбиемен ұштастыра отырып білім шыңынан көрінуге тілек білдірді. Кездесу соңы ата-аналар мен оқушылардың тарапынан берілген сұрақтарға ұласып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар берілді.