20 мамырда ОҚО Бәйдібек ауданының 26 жасар тұрғыны 3 жасар баласының жоғалып кеткендігі жайлы полицияға хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, бала үйдің ауласында ойнап жүріп, ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Баланы іздестіру жұмыстарына ОҚО ІІД және аудандық ІІБ-ның полиция қызметкерлері тартылды. Полиция сондай-ақ жергілікті тұрғындарды да іздеу жұмыстарына тартып, БАҚ-тың мүмкіндіктері пайдаланылды.
«Бір апта өткеннен кейін, 27 мамырда шамамен сағат 15.00-де бала жоғалып кеткен үйдің жанында, зорлықпен өлтіріліп, пакетке салынған 3 жасар сәбидің денесі табылды. Сәбидің ағасы оны таныды», - деді С. Қаракөзова.
Белгіленген соттық-сараптаманың нәтижесіне сәйкес, бала 3-4 күн бұрын жан тәсілім еткен. Алдын ала жасалған болжам бойынша, баланың өлімі басына тиген зақымның салдарынан болған. ҚР ҚК-нің 96 бабы (Кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру амалдары жүргізілуде, бірнеше сараптама белгіленді.