ОҚО-да «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 2 млн. астам тұрғын таза ауыз сумен қамтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 667 елді мекенде тұратын екі миллионнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармаcы басшысының орынбасары Лесбек Серікбаев мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

‒ Өңірде былтырғы жылы 39 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 25 нысан пайдалануға берілсе, биыл 12-сі іске қосылмақ. Нәтижесінде, 11 елді мекендегі ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 127 мыңнан астам халықтың ауыз сумен қамтамасыз етілу жағдайы жақсартылады, ‒ деді Л.Серікбаев.

Сонымен қатар облыс көлемінде құбыр суы жоқ 150 елді мекенде жер асты су қорларына іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылға 35 ауыз су және кәріз нысандарының құрылысына бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған. Брифингте бақарма басшысының орынбасары облыстағы 846 елді мекеннің 830-ы орталықтандырылған электр желісіне қосылғанын, 16 елді мекен дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілгенін баяндады.

Сонымен қатар оңтүстікқазақстандықтарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін Түркістан, Шымкент, Леңгір қалаларында 12 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінде жеті нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған бес нысан жылдың соңында тапсырылады. Нәтижесінде 45 мың тұрғын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.