ОҚО-да алдын алу шараларының арқасында жасөспiрiмдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі азайып отыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жүргізілген алдын алу шараларының арқасында жыл басынан бергi 8 айда кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық оқиғаларының саны өткен жылғы көрсеткіштен азайған.

Жыл басынан бергi 8 айда облыс көлемiнде кәмелетке толмағандардың 224 құқықбұзушылық фактiсi тiркелiптi. Былтыр дәл осы уақытта бұл көрсеткiш 249-ды құраған. Елiмiздегi оқушылардың 25 пайызы Оңтүстiк Қазақстан облысында тұратынын ескерсек, басқа өңiрлермен салыстырғанда жасөспiрiмдер құқықбұзушылығы жөнiнен пайызға шаққанда әлдеқайда төмен көрсеткiш. Әрине, бұған тоқмейiлсуге де болмайды. Бүгiнгi ұсақ құқықбұзушылық дегенiңiз ертеңгi үлкен қылмыстың баспалдағы.

Қылмыстың өсуi Мақтаарал, Төлеби аудандары мен Шардара қаласында байқалады. Құқықбұзушылықтың 28 пайызы - бұзақылық, 62 пайызы ұрлық болып отыр, деп жазады «Оңтүстiк Қазақстан» газеті. Оңтүстік Қазақстан облысында жүргiзiлген талдау барысында белгiлi болғандай, жасөспiрiмдер арасындағы құқықбұзушылықты негiзiнен 15-17 жастағылар, яғни 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттерi жасайды екен.

Бұл туралы жуырда облыс әкiмiнiң орынбасары Е.Айтахановтың төрағалығымен өткен облыс әкiмдiгi жанындағы кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның кеңейтiлген отырысында айтылды.

Облыстық бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасы басшысының орынбасары Б.Жанәбiлдiң айтуынша, биыл басқарма тарапынан алты айлықтың қорытындысына талдау жүргiзiлген. Талдау барысында жасөспiрiмдер арасындағы құқықбұзушылықты негiзiнен 15-17 жастағылар, яғни 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттерi жасайтыны белгiлi болған. Айта кетейік, өңірде балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді.