Облыс орталығынан 140 шақырым қашықтықта орын тепкен елдімекенде Кеңес одағы тұсында кен өндірілген. Қаратау тауының баурайында орналасқан ауылда шикізаттың мол қоры игеріліп, аты әлемге белгілі болған. Жер асты кеніне бай болған Байжансайда аурухана, мектеп, монша, клуб, тіпті мәйітхана мен қонақүйге дейін салынған. 7 мыңдай тұрғын күнделікті қажетті тұрмыстық заттарды, азық-түлік пен киім-кешекті, дәрі-дәрмекті тікелей Мәскеуден алып келген. Бір сөзбен айтқанда, тіршілікте таршылық көрмеген. Сондай-ақ кезінде шағын қала болған мекенде іс-шараларға дейін тек Мәскеудің бұйрығымен ғана жүзеге асырылған екен. Ал, қазір шағын қаланың болғанын бүгінде әр жерде қалқайған ескі ғимараттар мен олардың қаусап, құлағалы тұрған қабырғалар ғана айғақтайды. Оның үстіне Кеңес өкіметі тұсында бұл қала жайлы құпия сақталып, тек байжансайлықтар және олардың туыстары ғана білген, -дейді жергілікті тұрғындар. Қазір мұнда небәрі 5 отбасы тұрады. Барлығы он екі жан тіршілік етеді.
«Бұл жерге жету үшін де биік шатқалдар мен жоталардың арасындағы өзен үстіндегі 18 көпірден өтуге тура келеді. Онда да тек жол талғамайтын көлікпен жүреміз. Ал, қыста енді жол болмай қалады екі ортада. Атпен қатынаған күндер де болды. Құдай ауыртпасын деп жатамыз. Себебі ауыра қалсақ, қарайтын дәрігер жоқ. Ал, бала- шағаның бәрі қалада»,- дейді жергілікті тұрғындардың бірі Еркін Көмешов.
Мұндағы тұрғындар малдарын бағу үшін ғана күнелтіп отыр. Бала-шағалары көрші ауылдарда тұрып, сондағы мектепте оқиды. Бес үйдің бірінде тұратын Нұрсәуле Жүнісова осы елді мекенде туып-өсіп, осында тұрмыс құрған. Бүгінде жолдасы екеуі үш баланы тәрбиеліп отыр.
«Ауылдағы күнкөрісіміз - жалғыз мал шаруашылығы. Азды көпті қорадағы тұяқтыны сатып, қажеттерімізге жаратамыз. Аудан орталығына қатынау қиын. Өйткені ауылдан машина шықса кетеміз, болмаса жаяу барамыз. 18 шақырымды 5 сағат жүреміз»,-дейді Нұрсәуле Жүнісова.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдың аты Байжан ақсақалдың есімімен байланысты. Бұрындары қарт Қаратаудың етегінде Байжан деген ақсақал аң аулап күнелтеді. Таудан тас жинап, оны ерітіп, жонып, мылтығына оқ жасап алып жүрген. Сөйтсе ол қорғасын болып шыққан. Беті ашық жатқан тау тастарының қорғасын екенін алғашында ешкім білмеген. Тек 1930 жылы ақсақал кен орнын зерттеуші геологтарға көрсеткен. Сол жылдары Шымкент қорғасын зауыты бой көтере бастағанда Байжансайға зерттеушi геологтар лек-легiмен ағылады. Олар кен орнын зерттеп, қандай металл түрлерi шығатынын анықтайды. Алайда кен орнының құпиясын ашқандар бұл жерден металдың қай түрлері табылғанын ашып айтпаған. Тек қорғасын өндіріп жүрміз деп келген. Шындығында бұл аймақтан түсті металдың, алтынның, күмістің, мыстың мол қоры болған көрінеді. Аты әлемге әйгілі болған жерасты кен орнының орны қазір сол қалпында тұр. Екі шахтаның бірі нақ ауыл ішіндегі шатқалында орын тепкен. Қазір қап-қараңғы, суық үңгірде кезінде қайнаған тіршіліктің орны байқалады. Яғни, өткен ғасырдың 35-жылдары салынған шахта 90- жылдарға дейін үздіксіз жұмыс істеп келген. Қазіргі таңда бұл кен өндіру орнының ені - 3 метр, биіктігі - 5, ал, ұзындығы - 20-28 шақырымға созылып жатыр. Адамдар ондағы темір-терсектің барлығын кесіп алып кеткен. Ауылда тұрақты жұмыс болмағандықтан, тұрғындар басқа жаққа қоныс аударған. Бірқатары аудан әкімдігі бөліп берген жер теліміне үй салып алған. Ал, ескі үйлер мен халыққа қызмет көрсету нысандарын бұзып, құрылыс материалдарын тасып әкеткен. Ауылда тек көненің көзіндей болып бұрынғы «Гагарин» көшесінің атауы мен мешіт және мектептің ғимараты ғана тұр.
Байжансай ауылы қарайтын Жарықбас ауылдық округінің әкімі Нұрлан Мейірбеков болса 5 үйдің бір азаматшасын ақылы жұмысқа тарттық,- дейді. Өзгелері өз малдарымен күнелтіп отырғанын айтады. Жақын күндері кен орнының өн бойына қан жүре бастайды деп атап өтті. Өйткені, ескі шахтаны қайта игеру үшін инвестор табылған. Екі жылдай геологиялық барлау жұмысын жүргізген отандық компания алғашқы техникасын елді мекенге жеткізіп үлгерген. Кәсіпкерлердің сөзінше, инвесторлар ең алдымен ауылға таза ауыз су тартпақшы. Содан кейін, жол жөндейді. Жұмыс орнын ашады. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарын алғашқы еңбеккерлер тізіміне тіркеп қойғанын жеткізді.
«300 адамға жұмыс орнын ашуды мақсат етіп отырмыз және 300 адамға жатақхана соғылады. Себебі, мұнда вахталық әдіспен жұмыс ұйымдастырылады. Сол қайтадан қалпына келтіріп, бұрынғы Байжансайды іске асырсақ ба деген ниеттеміз. Жер астынан алынған шикізат көрші Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында өндіріледі. Жұмысты биыл күзде бастамақпыз»,- дейді инвесторлық компанияның өкілі Мадияр Құлпыш.
Осылайша болашағы жоқ елдімекендердің қатарына қосылған Байжансай ауылының бойына қан жүгіріп, қайта кен өндіру ісі қолға алынбақ. Егер тұрақты жұмыс орны болып, мектеп пен аурухана ашылса байырғы тұрғындары да өз елдеріне көшіп келеміз деп бекініп отыр.