ОҚО-да биыл 43 тұрғын үй пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОҚО-да бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 18,1 пайызға артқан.

Бұл туралы бірінші тоқсанның қорытындысын жариялаған облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр мәлім етті.

Тұрғын үй құрылысына 3,7 млрд. тг. инвестиция бағытталып, іске қосылған тұрғын үйлердің алаңы 72,7 мың шаршы метрді құраған. Сонымен қатар биыл Оңтүстік Қазақстан облысында барлық бағыттар бойынша 405,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде өңірде құрылысы жүріп жатқан 69 тұрғын үйдің 12-сі (984 пәтер) республикалық, 57-сі (2377 пәтер) облыстық бюджет есебінен салынуда. Жалпы жыл соңына дейін өңірде 43 үйдің құрылысы аяқталады, ал 26 үйдің құрылысы 2016 жылға өтпелі. Ал өткен жылы тұрғын үй құрылысына 26,1 млрд. теңге инвестиция бағытталып, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 405 мың шаршы метрді құраған. Оның ішінде кредиттік тұрғын үй - 2,9 мың шаршы метр, арендалық - 18,4 мың шаршы метр, жас отбасылар үшін - 20,3 мың шаршы метр, коммерциялық - 31,1 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй - 323,6 мың шаршы метр, басқа көздер есебінен - 8,5 мың шаршы метр. «Қол жетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында 84 тұрғын үйдiң (36,4 мың шаршы метр) құрылысы жүргiзiліп, 641 пәтерлік 23 үй пайдалануға берілген, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.