ОҚО-да қамыстан жылына 750 мың шаршы метр құрылыс материалы шығарылмақ (ФОТО)
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жоба «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында индустриалды картаға енген. Осы мақсатта жалпы құны 622,3 млн теңгенің кәсіп түріне «Өндіріс - 2020» бизнесті қолдау бағдарламасы аясында 320 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.
Қазіргі таңда мұндағы құрылыс жұмыстары бітіп, цехтың құрылғылары орнатылуда. Өндіріс орнына қамыс оратын, жинайтын және өзге де қажетті техникалар алынған. Жоба 2017 жылы толық іске қосылады деп күтілуде. Жылына 750 мың шаршы метр өнім өндіруге қауқары бар цех іске қосылғанда жергілікті 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Ал кәсіпорыннан шығарылған қамыс плиталары жиһаз жасау, ғимараттардың ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары мен қаптау үшін қолданылатын болады.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, нарыққа шығарылатын бұл өнімдер Ресей, Қытай материалдарынан арзан әрі сапалы болмақ. Дайын өнімдерге қазірдің өзінде қызығушылық артып, тапсырыс берушілермен алдын ала келісімдер жасалып қойылған.
Таяуда құрылыс нысанының жұмысымен танысып қайтқан аудан басшысы Е.Айтахановқа «Ақмерген» ЖШС басшылығы мемлекет тарапынан электр желісін жеткізуге ықпал етуге өтініш жасады. Мәселеге қаныққан аудан әкімі бұл түйткілді шешуді кәсіпкерлік бөліміне тапсырды.