Сала мамандарының сөзінше, ақ алтынның орташа түсімділігі гектарына 24,5 центнерді құраған. Жиналған 196,6 мың тонна өнім немесе 60 пайызы арнайы техникамен терілді. Яғни, мақта алқаптарында 500 ден астам комбайн теру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде жиын-терім науқаны толығымен аяқталды.
Еліміз бойынша ақ алтын толықтай Оңтүстікте өндіріледі. Ал, мақта дақылын өсірумен облыстағы 10 ауданның шаруалары айналысып келеді. Мақта дақылы экспорттық маңызға ие болғандықтан егіс көлемі жылдан жылға артуда. Мәселен, биыл Оңтүстікте 134,6 мың га жерге шитті мақта егілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың га артық. Көктемнің кеш түсуі мен ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл мақта теру жұмыстары қараша айының 20-сына дейін созылды.
Мақтаарал ауданына жасаған бір сапарында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болу қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, ол елiмiздегi үлкен табыс әкелетiн жүз жылдық тарихы бар мақта дақылының сапалы сорттарын дамытып, инновациялық технологияларды өндіріске ендіру арқылы ақ алтынды өндірудің тиімділігін арттыруды айтқан-ды. Бүгінде аймақта өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Ресей, Беларусь, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Оңтүстік Корея сынды 10 мемлекетке экспортталуда. Жыл басынан бері аталған елдерге 30 мың тоннаға жуық мақта талшығы жөнелтілген.
Мақта шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан ерекше назар аударылған. Мақта дақылын өсіру үшін тыңайтқыштар мен гербициттерге субсидия беріледі. Одан бөлек, егілген мақтаның әрбір гектарына 15 мың теңгеден, ал қайта өңдеу үшін өткізілген ақ алтынның әр тоннасына 6 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. Бүгінде мақта шаруашылығын қолдау үшін субсидиялар таратылуда. Жыл басынан бері облыс бойынша 134,6 мың гектарға 2 млрдқа жуық, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген 140 мың тонна ақ алтынға 833 млн теңге субсидия төленген.