ОҚО-да соғыс ардагерлеріне Даңқ тақтасы орнатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ғимараты алдында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Даңқ тақтасы ашылды.

Шараға сот жүйесінде жұмыс жасаған соғыс ардагерлері, олардың туыстары, облыстық соттың судьялары қатысты.

Граниттен жасалған Даңқ тақтасына алтындалған әріптермен Ұлы Отан соғысына қатысқан 24 судьяның есімдері жазылған. Майданнан оралғаннан кейін олар Оңтүстік Қазақстан облысының соттарында сот төрағасы және судьялар болып қызмет атқарды, деп хабакрлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Олардың арасында Кеңес Одағының Батырлары Тоғанбай Қауымбаев пен Сейітқасым Әшіров бар. Т.Қауымбаев 1949-1953 жылдарда Шәуілдір ауданы халық сотының төрағасы болып жұмыс жасады, С.Әшіров - 1951-1964 жылдары ОҚО Қызылқұм ауданы халық сотының судьясы болды.

Облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов өзінің құттықтау сөзінде облыстық соттың тікелей қатысуымен жыл сайын Ұлы Отан соғысындағы ерлікті еске алу мақсатында әртүрлі шаралар өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

Айталық, 2014 жылы ардагер Нығмет Төлендіұлы тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылып, Шымкент қаласы көшелерінің біріне оның есімі берілген. Ол көп жылдар бойы Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстық соттарын басқарды, облыстың құрметті азаматы болды.

Рәсімге қатысушылар Ұлы Отан соғысы кезінде қыршын кеткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Құрметті қарауыл сапқа тұрғызылып, автоматтан үш дүркін салют берілді. Бұдан кейін шараға қатысушылар мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Ұлы Отан соғысының ардагері А.Бекназаров Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиыншылықтар, Жеңіс күнін қалай қуанышпен қарсы алғаны туралы айтып берді.

Салтанатты рәсім соңында сот жүйесінің ардагерлері А.Бекназаровқа, Б.Тұрғараевқа, А.Евстафьеваға, Т.Балкенге, В.Юзьковқа және Н.Павловаға Жоғарғы соттың «Сот жүйесінің ардагері» медальдары тапсырылды.