ОҚО-да жемқорлар 700 млн. теңгеге шығын әкелді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері жемқорлық қылмыстың салдарынан келген шығын 700 млн. теңгені құрады.

ОҚО бойынша ЭҚСЖҚКД баспасөз хатшысы Эльвира Қадырсызова хабарлағандай, бұл соманың 600 млн. теңгесі қайтарылды.

«Жыл басынан бері қаржы полицейлері 112 экономикалық қылмыстың, жалған ақша жасау бойынша 4 кәсіпкерліктің, 19 жалған кәсіпкерліктің, 31 заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру қылмысының бетін ашты», - деді ол.

Рейд барысында 367 ойын автоматы, 22 компьютерлік блок, 1 терминал мен 450 мың теңге тәркіленді. Осылайша ағымдағы жылы заңсыз ойын мекемесін ашқан топты әшкереледі. Олар қаланың орталық көшелерінде 8 ойын автоматтарының залын ашқан. Олармен бірге қаржы полицейлері бұл мақсатта пайдалануға ғимаратты жалға бергендерді де жауапқа тартпақ. Бүгінде тергеу тобы бизнестің бұл түрін қаржыландыратындарды іздестіруде. Көлеңкелі экономика бойынша биыл жалған кәсіпкерліктің 18 фактісі анықталған.

«Мұндай қылмысты ұйымдасқан топ жүзеге асырады. Олар елдің салық жүйесі мен заңнамаларын толық біледі. Көбінесе жалған фирмалар жалған адамның атына ресімделеді» , - дейді Эльвира Қадырсызова.

Жалған ақша жасау бойынша да оң өзгерістер бар дейді қаржы полициясында. Осылайша ағымдағы жылы 4 факт тіркелді. Тағы бір жағдайды қаржы полицейлері өткен жылдан бері тергеп келеді. Айта кетейік, өткен жылы жалған ақша бойынша 22 қылмыстық істің беті ашылған болатын.