Облыстық бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасы басшысының орынбасары Б.Жанәбiлдiң айтуынша, биыл басқарма тарапынан алты айлықтың қорытындысына талдау жүргiзiлген. 6 айда орын алған 133 қылмыстық әрекеттiң 46-сын тәрбиесi осал әрi аз қамтамасыз етiлген отбасы балалары жасаса, құқықбұзушылыққа барған жасөспiрiмдердiң 87-сi тұрмыс жағдайы дұрыс отбасыдан-ақ шыққан. Сондай-ақ, жартылай жетiм балалардан гөрi толық отбасында тәрбиеленген жасөспiрiмдер қылмысқа көбiрек бейiм болатынын да дәйектер дәлелдеп отыр, деп жазады «Оңтүстiк Қазақстан» газеті.
Бұл туралы жуырда облыс әкiмiнiң орынбасары Е.Айтахановтың төрағалығымен өткен облыс әкiмдiгi жанындағы кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның кеңейтiлген отырысында айтылды.
Айта кетейік, жыл басынан бергi 8 айда облыс көлемiнде кәмелетке толмағандардың 224 құқықбұзушылық фактiсi тiркелiптi. Былтыр дәл осы уақытта бұл көрсеткiш 249-ды құраған еді.