Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік апаты бүгін түнде Алматы-Термез тас жолында болған. Тойдан қайтқан Старекс шағын автобусының 33 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жүк көлігінің тіркемесіне кіріп кеткен. Нәтижесінде қоғамдық көлік иесімен 7 жолаушы түрлі дене жарақатын алып, облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Араларында 7 және 13 жастағы балалар да бар. Ауруханада алған соққыдан есін жимаған күйі 36 жастағы келіншек жан тәсілім етті. Өзгелері қажетті емдік шараларын қабылдауда.
Қазір осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша іс қозғалып, анықтау шаралары жүргізілуде. Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.