ОҚО: Шардарада зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған акция өтті
Акцияның соңғы күні аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен аудандық балалар саз мектебінде өтті. Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліповтің төрағалығымен өткен жиынға құзырлы орган қызметкерлерімен қатар мектептегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, ата-аналар мен бірқатар отбасы мүшелері қатысты.
Жиын басталған соң келген қонақтарға «Жетім қыздың тағдыры» атты және жат ағымның жетегіне еріп, бірнеше азаматқа тұрмысқа шығып, басы шырғалаңға түскен жас ананың тағдыры туралы қысқаша фильмдер көрсетілді. Аудандық ішкі істер бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Дүйсенбек Мұсабеков «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясын іске асыру мақсатындағы атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Ал, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Эльмира Мылтықбаева аудандағы неке қию және ажырасудың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
«Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ саласы бойынша 2016 жылдың 11-айында неке қию туралы 512 актілік жазба тіркелген, оның ішінде шетел азаматымен 14 неке тіркелген, 2015 жылы 566 неке қию тіркелген. Ал, 2016 жылдың 11-айында неке бұзу туралы 96 актілік жазба тіркелген, оның ішінде сот шешімімен 70 неке бұзу тіркелсе, жұбайлардың ортақ келісімі негізінде 26 неке бұзу тіркелген. 2015 жыл көлемінде 81 неке бұзу туралы актілік жазба тіркелген, оның ішінде сот шешімі негізінде 68 неке бұзу туралы актілік жазба тіркелсе, ерлі-зайыптылардың өзара келісімі негізінде 13 неке бұзу тіркелген. 2016 жылы 2015 жылға қарағанда неке бұзулардың саны азды-көпті артқандығы көрінеді», - деді Э.Мылтықбаева. Жиын барысында «Қоссейіт» жалпы орта мектебьінің директоры Орынша Қалшабекова, Шардара мектеп-лицейінің педагог-психологы Феруза Жұмабекова сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті.