ОҚО: Шымкентте жас суретшілер арасында «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты байқау аяқталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өнерлі оқушылар арасында «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты сурет салудан ауқымды байқау өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осы тақырыпта сурет салған жас қылқалам шеберлері Шымкенттегі Көркемсурет галереясында айрықша құрметке бөленді. Бұл салтанат  -  Балалар көркемсурет мектебі ұйытқы болған байқаудың қорытынды кезеңі.  1 айға созылған өнер сынында 107 оқушы бақ сынап,/200-ге тарта туындысын ұсынған. Олар туған елі мен атамекеннің бейбіт тіршілігін керемет суреттей білді,-дейді мамандар.

Сайыс екі бағытта өрбіген. Оның бірінде 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер бақ сынаса, екіншісіне 17 жастан асқандар қатысқан. Бұл күні осы туындылардың үздік 30-ы Көркемсурет галереясындағы көрмеге қойылды. Жас суретшілерге аға буын өкілдері арнайы дәріс өткізіп, қылқаламның сырын түсіндірді. Торқалы той қарсаңындғы елдің қуанышы мен бейбіт тіршілікті бейнелей білгендерге демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етіліп, шығармашылықтарының шыңдала түсуіне сенім білдірілді.

Айта кету керек, осындай байқаулар арқылы жасөспірімдердің шеберлігі шыңдалады, бәсекеге қабілетті бола түседі және отансүйгіштікке тәрбиеленеді.