ОҚО тұрғынының үйіне жасалған қарақшылық шабуылдың ізі суымай ашылды

ШЫМКЕНТ. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Мақтаарал АІІБ-ның полицейлері жергілікті тұрғынның үйіне жасалған қарақшылық шабуылды ашты,

 деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

 «Жергілікті тұрғынның хабарлауынша, оған қарақшылық шабуыл жасалған. Бетперде киіп алған белгісіз біреулер үйіне кіріп, ұрып-соққан және қарумен қорқытып, бағалы заттарды алып, іздерін жасырды», - деді баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

 Жедел-іздестіру шараларының барысында сол түні полиция қызметкерлері екі күдікті азамат - 50 және 40 жастағы жергілікті тұрғындарды ұстады. Айғақ дәлелдер ретінде олардан «Байкал» пневматикалық тапаншасы, үш пышақ, медициналық бетперделер, қолғаптар, бұрауыш және есірткі оралған түйіншек алынды.

 Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 179 бабы («Қарақшылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды.