ОҚО: ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы 3 жоба іске қосылды

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Индустриаландыру картасы шеңберінде жалпы құны 447,9 млрд. теңгені құрайтын 150 жоба жүзеге асырылуда. Онда 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары қамтылған. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Биыл индустрияландыру аясында жалпы сомасы 41 млрд. теңге болатын 3948 жаңа жұмыс орнын ашатын 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Жылдың соңына дейін жалпы сомасы 37,4 млрд. теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Соның ішінде Шымкент қаласындағы Индустриялық аймақта жалпы құны 44,5 млрд. теңгені құрайтын, 5839 азаматты жұмыспен қамтитын 59 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда, Индустриялық аймақтағы 32 кәсіпорында 3216 қызметкер жұмыс істейді. Жақын арада тағы 20-ға жуық кәсіпорын іске қосылады деп күтілуде.

«Аталмыш бағдарламаға орай, жақында ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен Шымкент қаласындағы Индустриялық аймақта ҚР ҮИИДМБ аясында 200-ге жуық азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар 3 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, «ЮгРегионПласт» ЖШС-нің «Полипропилен және пластмасс бұйымдарын шығаратын зауыт» жобасы жұмысқа кірісті. Құны 144,0 млн. теңге, қуаттылығы 124 800 шаршы метр пропилен бұйымдары болып табылатын кәсіпорында 50 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Жобаның іске қосылуы шет елдерден импортталатын бұйымдардың орнына отандық баламаны ұсынбақ.

Мұнымен қоса, «Ferrum-Vtor» ЖШС-ның «Болат құю цехін кеңейту және жаңғырту» жобасы мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның құны 1 млрд. 244 млн. теңгені құрайды, онда 150 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жобаның іске қосылуы еуропалық стандарттарға сай және баға жағынан тиімді тот баспайтын болат металын нарыққа ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «South Bags» ЖШС-нің «Полипропилен қаптарын шығаратын зауыт» жобасы Индустрияландыру картасы шеңберінде Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағында іске қосылып отыр. Жобаның құны 100 млн. теңге, қуаттылығы 10 000 000 полипропилен қаптарын шығаруға жетеді. Кәсіпорында 40 жаңа жұмыс орны ашылған. Жоғарыда аталған жобаларға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылған.

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов аталмыш жобалардың іске қосылуына куә болып, соңынан журналистерге сұхбат берді.