Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына сауал жолдаған депутат Бақытбек Смағұл осылай мәлім етті.
«Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп нақты айтты. Егеменді қазақ елінің әлем халықтары қауымдастығы қабылдаған түркі тілдес халықтарымен мақсат-мұраттары үндесті. Алайда, мұраттарымызды көрші мемлекеттер мен Еуропаның жекелеген азаматтары ЮНЕСКО шеңберінде талан-таражыға салып, заңдастырып иелене бастаған тұста ұлттық құндылықтарымыз мемлекеттік тұрғыдағы қамқорлықты талап етеді», - деді депутат. Оның айтуынша, 1998 жылы Қорқыт Ата атындағы университеттің ғалымдар тобы дәстүрлі өнер - жыр мамандығының мемлектетік стандартының оқу жоспарын, оның толық оқу-әдістемелік кешенін жасап шығарған. Ол тиісті министрліктердің бұйрықтарымен бекітіліп, жоғары оқу орындарындағы арнайы мамандық есебіндегі классификаторға енгізілген. Нәтижесінде жыршылық-жыраулық өнерді тұтынған талантты жастар бұл бағытты шынайы зерттеп тануға қол жеткізген еді.
«Өкінішке қарай, осы мамандыққа мемлекеттік тапсырыстың тым аз бөлінуі мен ақылы оқытудың мөлшері шамадан тыс болуы талапкер жастарды жоғары оқу орнында оқытуға, маман ретінде дайындауға басты кедергі болып тұр. Осыған орай, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, Құрманғазы атындағы Алматы ұлттық консерваториясында, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне дәстүрлі жыр өнерін оқытуды мемлекет өз қамқорлығына алса, арнайы білім гранттары бөлінсе игі», - деді Б. Смағұл.