Оның айтуынша, еңбек нарығы өзгеріп келеді және бәрінің жоғары білімді болуы міндетті емес.
Өткен жылы депутаттар 10-11 сынып оқушыларына колледжде қатар оқу мүмкіндігін беруді ұсынған еді. Себебі елімізде 11-сынып бітірген түлектердің 50 мыңы қайтадан колледждерге түседі және бір пәнді қайталап оқуға мәжбүр.
– Қазіргі мектеп түлектері кітап-дәптер ғана ұстай алады, үйінде ата-анасы жұмысқа икемдемесе, бірыңғай ақсаусақ балаларды өсіріп жатырмыз. Бұрын Еңбек пәніне көп мән берілсе, қазір білім беру стандарты өзгеріп, оны да жоғалтып алдық. Бала 11 жыл оқып, тек аттестат қана емес, тігін тігу, шеге қағу, дәнекерлеу секілді бір кәсіпті меңгеріп шығуы керек. Қазір бәрі мектептен кейін жапа-тармағай университетке барады. Менің білуімше, Астанадағы такси жүргізушілерінің 25% – жоғары білімді азаматтар. Келесі жылдары Қазақстанда колледж бітірген жұмысшы мамандықтарға сұраныс 70% дейін өседі. Яғни, бәрінің жоғары білімді болуы қажет емес, бізде еңбек нарығы ауысып жатыр, - деді депутат агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Оның айтуынша, еңбек нарығын реттеу – азаматтарымыз шеге қағып жүріп-ақ, жақсы жалақы алып, еңбек құқығы қорғалып, қауіпсіздігі сақталатынын айту, сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.
– Қазір колледждер бұл идеямен келіспей жатыр. Сонша оқушыны сақтандыру, еңбек қауіпсіздігі мәселесіне қатысты Үкіметпен ортақ келісімге келе алмай жатырмыз. Дегенмен, екі жылда оқушы нақты кәсіпті меңгеріп шықса, баланың өзіне сенімділігін арттырар едік, сол кәсіптің арқасында әрі қарай жоғары білімін алып, ісін кеңейте алар еді, - дейді Мәжіліс депутаты.
Осыған дейін депутат еңбек нарығы үздіксіз өзгеріп отыратынын айтқан еді.
- Кей мемлекеттер 4 күндік жұмыс аптасын, 4-6 сағаттық жұмыс кестесін енгізіп жатыр. Бұл ұрпақтың ауысуымен байланысты. Яғни белгілі бір құндылығы бар буын еңбек нарығынан кетіп, олардың орнына жаңа ұрпақ келді, -дейді халық қалаулысы.