***
«Егемен Қазақстан» газетінде Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен болған сұхбат беріліп отыр.
«Мектеп формасына қойылатын талаптар мәтінінде «діни атрибутиканың қолданылмауы» деген тіркестің қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа ешбір атрибутиканы қолданбау» дегенді білдіретіні санасы сау адамға бесенеден белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен - сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды ғой. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді. Дұрысы, бұрыннан реттеп келген.
Форма - тек мектепке тән ерекшелік емес. Көптеген кәсіби салалық мекемелер, оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейде белгілі бір формаларды сақтауды талап етеді. Оның барлығы кәсіби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туындайтыны белгілі. Ал мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді.
Екіншіден, форма - құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар.
Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді, яғни «бұлақ бастан былғанбас» үшін форманың сақталуы қажет-ақ. Жалпы, тізе берсек, басқа да артықшылықтарды атауға болады, бірақ оның барлығы қарапайым қоғам мүшесіне де белгілі. Сондықтан, қайыра айтарым, мектеп формасына қойылатын талаптарға жер астынан жік шыққандай таң-тамаша болудың реті жоқ»,-дейді Айнұр Әбдірәсілқызы. Осы жайында «Оқушы қыз тәрбиесі - орасан жауапкершілік» атты сұхбаттан толық оқи аласыздар.
Бас басылымда «Олимпиадаға 100 күн қалды» деген мақала басылды. Адамзаттың өз тарихында өмірге келтіріп, дәстүрге ұластырған жарасымы жақсы жаңалықтары қатарында, сөз жоқ, қазіргі заманғы Олимпиада да бар. Жер бетінде төрт жылда бір айналып келетін бұл жаһандық жарысқа елең етпейтін, оның дүбіріне құлақ түрмейтін саналы азамат кемде-кем. Биыл сол циклдың келесі эстафетасы - XXXI жазғы Олимпиялық ойындар Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалау желбіретеді. Тамыздың 5-21-і аралығында сайыс қыздырғалы тұрған Ойындар спорттың 28 түрі бойынша 306 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Дүбірлі додаға 10 500 спортшы қатысады деп күтіліп отыр.
«Қазіргі күндері Олимпиялық ойындарға қатысатын елдер де қызу дайындық үстінде. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Әлбетте, біздің әзірлігіміз спорт ареналарын қатарға қосудан емес, сол Ойындардан мүмкіндігінше көбірек жүлделер жеңіп алу үшін күресуден құралады. Осы кезде біздің елімізден Олимпиадаға 81 спортшының жолдама алып үлгергені белгілі болып отыр. Соның ішінде жеңіл атлеттердің еншісінде - 14, байдарка мен каноэда есуде - 11, бокс пен ауыр атлетиканың әрбірінде 10-нан лицензия бар. Біз осы шамалас спортшыны өзіміздің жеке команда ретінде бірінші рет қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына апарғанбыз. Онда 89 атлет тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің намысын қорғаған болатын. Ал бұдан кейінгі жылдары олимпиадашыларымыз саны 100-дің үстіне шығып кетті. Бұл жолы да солай болатын шығар деген үміттеміз. Дегенмен, мұнаралы мақсат бұл да емес. Ең бастысы, Олимпиадада алатын алтын жүлделеріміздің саны көп болсын»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Базарларға шығарылатын отандық азық-түліктің сапасына, қауіпсіздігіне назар аударатын кез келді. Тұтынушыларға сатылатын бірқатар отандық тағам түрлері бұдан былай лабораториялық тексеруден өткізілетін болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің атқаратын аса маңызды міндеттерінің бірі тұтынушылардың отандық өнімдерге деген сенімін арттыру, сонымен қатар Қазақстанда өндірілген азық-түлік өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру және шығарылатын тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік ветеринариялық зертханалары өткен жылы 117 мың бақылаудағы тауарлардан сынамаларды алып зерттеуден өткізген екен. Соның 1,5 мыңы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталыпты»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ауру астан...» деген материалда.
Сатып алатын сапасыз тағамнан келетін кесел көп. Осыған байланысты өзімізде өндірілетін азық-түліктің сапасына қатаң талаптар қойылмақшы. Енді сертификатқа сайкес келмейтін сапасыз өнімдер шығаратындар, халал шұжыққа шошқаның майын қосатындар әкімшілік жауапқа тартылатын болады.
Осы басылымда «Жаһандық қарусыздану қазақ елінен бастау алады» атты мақала жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырылсын жер жаһанның бейбітсүйгіш тұрғындары бірауыздан қолдап қуаттауда.
«Біз әлемде ядролық қарудан тұңғыш рет өз еркімен бас тартқан ел болып қана қоймай, соғыссыз өмір сүруді, бейбітшілікті БҰҰ-ға мүше 93 елдің жұртына қазақ тілінде жар салдық. Бұл ретте біз Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының сессиясында БҰҰ тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде сөйленген Елбасы сөзін айтып отырмыз.
Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалау арқылы АҚШ әкелген қасіретті адамзат еш уақытта ұмытпақ емес. Оған да міне, жетпіс жылдан асты. Ядролық қарудың қаупі өршімесе, бәсеңситін сыңайы жоқ. Қақтығыстар азаяр емес. Халықаралық терроризм өршіп тұр. Кейбір мемлекеттер күйреу үстінде. 2011 жылдың ақпанында Ресей Федерациясы мен АҚШ-тың арасында стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты одан әрі қысқарту мен шектеу жөніндегі шаралар туралы шарттың күшіне енгеніне қарамастан, алып державалардың бұл орайдағы теке-тіресі әлі де азаймай тұр. Бұған басқа да ядролық әлеуеті бар елдерді қосыңыз. Үндістан мен Пәкстанның арасы ушықпасын деңіз. Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуал да күрделі»,-деп жазады автор.
***
«Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы санында «Оюлар әлемінде» атты мақала берілген. «Бала кезімізден таныс ою-өрнектің қыр-сырын ұмытып, түрлі ұлттық мерекелерде киілер киімдердің әшекейі ғана деп қарай бастаған бүгінгі күнде бала күнгі естеліктерді жадымызда жаңғыртуға себепші қос кітап: Айшагүл Байболдиева, Әлия Оспановалардың «Ою сыры» және Айшагүл Байболдиева, Әлия Оспанова, Құралай Оспановалардың «Табиғат сыйы: қазақтың ою-өрнектері» деп аталады. Филология факультетін тәмамдап, ұстаздық қызмет атқарып жүрген Айшагүл қазақтың бір ғана оюынан 20-дан аса ою ойып шығуға болатынын айтады»,-деп жазады мақала авторы.
Оюды қазақ әшекей ретінде ғана қарамаған. Онда күллі ұлттың арманы, мұраты, сұлулыққа іңкәрлігі жасырынған. «Сол құпия сырды білгісі келгендерге үйреткім келеді»,-деген А. Баболдиева оюдың қыр-сырын түсіндіретін кітаптар шығарумен қатар, осы салада өзге де бірқатар шаруаларды қолға алған екен. Мәселен, Астанада 2017 жылы өтетін ЭКСПО-ның алаңдарын қазақы оюмен көмкеру үшін тапсырыс алыпты.