Күні кеше өмірден озған қазақтың атақты ақын қызы Фариза Оңғарсынова туралы ақын, «Әдебиет порталының» редакторы Бауыржан Қарағызұлы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында осылай деді.
«Бір Алланың адам баласына құлпырта берген таңдау еркінде өз тағдырын өздері тамылжыта таңдай қақтыра жазатын тек хас ақындар. Қазақ поэзия кеңістігіндегі Фариза Оңғарсынова - хас ақын.
Ол Өлеңнен өзін іздеді. Өлең оның жан сырласы, жақын мұңдасы болды. Өмір заңдылығына сыймаған ой толқыны Өлең болып арнасынан асып-тасып жатты. Құдайдың кұдіретімен қауызында мөлдір сезім мен дұғалы ойдың бейнесінде көрінген өнер туындысы ұлы уақыт жанарында ғасырлар бойы гауһар тастай жарқырап тұрады. Ол мұңды жүректегі мәңгілік махаббаттың "тілсіз тілінде" сөйледі», - дейді Б. Қарағызұлы.
Оның айтуынша, ақынсыз қоғам арсыздыққа ұшырайды, жалтақ жағымпаз қоғамға айналады. Ал, қоғамсыз ақын болмайды. Ақын туған елін, тілін, ділін, жүрегімен сүйеді. Қара орман халқы үшін жанын қияды. Ол біздің қария тарихымыздың қанды парақтарында көз жасымызбен жазылған болатын.
«Енді, міне, 75 жасына қараған шағында аяулы ақын апамыз - қоғам қайраткері, халқының ардақтысы Фариза Оңғарсынова да бұл өмірден озды. Ол әр уақытта иманды қадамымен ел алдында, газет-журналдарың басында, ҚР Парламент Мәжілісінде қызмет еткен жылдарында ұлтына атаның қанымен, ананың сүтімен сіңірген о бастағы адал принциптерінен айнымай қызмет еткен еді. Фариза поэзиясының жалғаннан мәңгілікке ұласқан махаббат жырларымен қоса қазақтың қолқасына у болып тұнып, арқасына аяздай батып, мұз болып қатқан қайғысын қаламының ұшында шер қылып оятты. Жаныңыз жаннатта болсын, аяулы ақын апа!», - дейді Б. Қарағызұлы.
ҚазАқпарат агенттігі Бауыржан Қарағызұлының Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңін беруді жөн көріп отыр.
Не деген ауыр түн еді?!
Не деген ауыр күн еді?!
Қайғы шеккен қазақтың,
Қарс айырылды жүрегі.
Қара түннің көзінен,
Қап-қара болып қан ақты!
Қара аспанның өзінен,
Қап-қара болып таң атты!
Абыздары бүгіліп,
Іштей жанын жылатты.
Батырлары үгіліп,
Көзінен мұң құлатты.
Теріс ашты түндігін,
Қайғы жасын бұлатты.
Барлық ақын бір-бірін,
Көңіл айтып жұбатты.
Жел жылады далада,
Ел жылады қалада.
Қалың қазақ қайғырды,
Хас Ақыннан айырылды.
Фаризадан айырылды!
Күрсінісінен күн сөніп,
Алтын қанаты қайырылды!
Ақиқаттың көзі еді,
Алты алаштың Сөзі еді.
Айбары еді елімнің,
Айбыны еді жерімнің...
Дүниеден көшкені,
Қандай ауыр ақынның.
Көтере алмай басымды,
Қайғы жұтып отырмын...