АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Наньчан қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионатында ел құрамасы қоржынына екінші алтын түсті.
Байдаркамен 500 метр қашықтықтағы жарыста Ольга Шмелёва мен Артём Терещенко жұбы ешкімге дес берген жоқ. Қазақстандық спортшылар жарыстың өне бойында алдыңғы лектен көрініп, мәре сызығын бірінші болып қиды.
Айта кетсек, бұдан бұрын құрлықтық додада Ольга Шмелёва әріптесі Ирина Подойниковамен бірге байдаркамен жұптық сында 500 метр қашықтықта чемпион атанған еді.
Бүгін Азия чемпионатында бірнеше қашықтықта финалдар жоспарланып отыр.
Қазірге дейін ел құрамасынан Бекарыс Раматулла 500 метрге байдаркада жарыста екінші орынға тұрақтады. Каноэде 500 метрге ескек есуде қазақстандық спортшылар үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ байдаркамен жарыста Стелла Суханова күміс алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.