Атап айтқанда қазіргі кезде 25 спорт түрінен Қазақстан спортшылары 107 жолдаманы иеленді. Бүгінде лицензиялық сайыстар аяқталуға жақындады. Осыған байланысты бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен республикалық кеңесте Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің басшысы Талғат Ермегияев есеп берді.
Оның сөзіне қарағанда, Лондон Олимпиадасына дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. «Алдында біз Олимпиадада 13 медальді иелену (жалпы командалық есепте 28-ші орын) жоспарын айтқанбыз. Оның ішінде 3 алтынды қанжығаға байлау межеленіп отыр. Сол жоспарымыздан үміттіміз», - дейді ведомство басшысы. Бұл тұрғыда осындай болжам жасап отырғандарға «ауызына май, астына тай» деп қана айта аламыз. Агенттіктегілер биылғы айтулы додаға ел спортшылары сақадай сай тұрғандықтарын алға тартуда және олардың осы сенімді уәждері кеңеске қатысқандарды бір серпілтіп тастады. «Атап айтқанда, бізде бүгінде Олимпиада бойынша ешқандай да проблема жоқ. Дайындығымыз өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бапкерлер мен спортшыларға барлық жағдайлар жасалды. Енді спортшыларымызға тек іске сәттілік тілейміз», - деп тоқталды Талғат Амангелдіұлы.
Атап айтқанда, Олимпиада қарсаңында жедел штаб және кешенді ғылыми топ жұмыс істеп жатқан көрінеді. Келісімшарттық негізде шетелдік үздік мамандар (13 маман) дайындық шараларына тартылған екен, сонымен қатар 21 спорт түрінен олимпиадалық командаға кандидаттармен келісімшарттар жасалған. Ұлттық құрама сапындағылардың жоспарлы тапсырмалары мен оқу-жаттығу үдерісін орындау бойынша қатаң қадағалау мен есептілік қамтамасыз етілген сыңайлы. Ең қызығы, республикалық допингке қарсы зертхана заманауи медициналық-диагностикалық жабдықпен жасақталған екен. Осы орайда мамандар тиісті оқудан өтіп, 6 мыңнан астам сараптамалар мен тестілер жасалған. «Қазіргі кезде жолдама алған барлық спортшылар міндетті түрде тұрақты допингке қарсы бақылаудан өтіп жатыр», - деді агенттік төрағасы.
Бұдан бөлек, материалдық тұрғыда ынталандыру бойынша құрамадағы бапкерлер мен оқытушылардың жалақысы артты. 1-ден 6-шы орынға дейінгі жүлделі орынға үмітті спортшылар келісімшарт аясында ай сайын 1-5 мың АҚШ доллары аралығында алады екен. Бейжің олимпиадасына дайындық кезеңімен салыстырғанда болашағы зор атлеттердің үлесі 7 спорт түрінен екі есеге артып отыр.
Енді ең бастысы, қазіргі кездегі 24 айлық есептік көрсеткіштің орнына 45-тен 92 АЕК-ке дейінгі көлемде олимпиадалық, паралимпиадалық және сурдолимпиадалық ойындардың және спорттан Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен олардың бапкерлеріне өмірбойы осындай төлемдермен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл тұрғыда өзінің барша өмірін спортқа арнағандар кей жағдайларда жарыстар кезінде алған жарақаттарынан мүгедек болып жататыны белгілі. Мемлекеттің спорттық имиджін арттыруға, елдегі дене шынықтыруды дамытуға үлес қосқан спортшылардың еңбегін ескере отырып, олардың спорттық мансабы аяқталғаннан кейін лайықты қолдау жасау маңызды.
«Спорт түрлерінен ұлттық құрамалардың мүшелері арасында отансүйгіштік тәлім-тәрбие беруді күшейту бойынша жұмыстар жанданды. Агенттік жанынан құрылған комиссия спортшылармен мемлекеттік Әнұранды білуі тұрғысында жұмыс жасап жатыр», - деп тоқталып өтті Т. Ермегияев.
Өз кезегінде М. Құл-Мұхаммед Лондон Олимпиадасында Қазақстан Әнұранының тиісті деңгейде орындалуын тапсырды. Биылдың басында кейбір елдерде өткен әлемдік додаларда Қазақстан Әнұраны тиісті деңгейде орындалмағанын ескеріп өткен Мемлекеттік хатшы: «Биылғы Олимпиадада аманшылық болса, Қазақстан Туы желбіреп, Әнұраны асқақтайтын мүмкіндіктер өте көп екендігі көрініп тұр. Өткендегі болған бір-екі оқиғадан тиісті қорытынды шығарып, Олимпиадаға Әнұранымыздың симфониялық оркестрдің орындалуында сапалы түрде жазылған түрін алып бару керек. Соған бір адам жауап беруі тиіс. Сосын көтерілетін Туымыз мемлекеттік стандартқа сай болуы шарт», - деп жүктеді.
Мұнымен қоса, агенттік басшысы кеңес барысында бүгінде тиісті шешімді қажет ететін проблеманы атап өтті. Оның бірі - Дене шынықтыру және спорт ғылыми-зерттеу институтын құруға байланысты көрінеді. Бұл мәселе бүгінге дейін бюджеттік өтінімді қарастыратын мемлекеттік органдардың тарапынан шешімін таппай отыр екен.
Ал екінші мәселе, материалдық тұрғыда ынталандыруға байланысты олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін баспанамен қамтамасыз етуді заңнамалық түрде бекіту бойынша көтеріліп отыр. Агенттік басшысының сөзінше, «Жоғары спорттық нәтижелер үшін спортшыларды баспанамен ынталандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұрғысындағы мәселе аясында Қаржы министрлігі мен Әділет министрлігі арасында келісілген бірыңғай ұстаным жоқ.
«Мен осы орайда Олимпиада ойындарында медальдарды жеңіп алған спортшыларға баспана бөлу мәселесін айтып отырмын. Осыған байланысты аталған проблемаларды шешу бойынша Сізден, Мұхтар Абрарұлы қолғабыс жасауды сұраймын», - деді Т. Ермегияев.
Бұл кеңесті қорытындылай келе Мұхтар Абрарұлы Қазақстан спортындағы жетістіктерді ескере отырып, еліміздің бұл саладағы әлеуетінің мол екендігін атап өтті. Осыған байланысты ол талантты жастарға олимпиадалық резерв дайындалатын орындарда жаттығуға мүмкіндік беру керек деп санайды.
Жиын барысында олимпиадалық резерв дайындалатын бассейнге келіп кіру үшін кез келген адам медициналық тексеруден өтіп, арнайы анықтама алуы керектігін атап өткен Мемлекеттік хатшы: «Өйткені, ол жерде үлкен спортшылар дайындалады. Сондықтан да бәріне бірдей мүмкіндік болмас. Бірақ жоғары оқу орындарында оқитын жүзуге қабілетті талантты балалар неге олимпиадалық резервтің бассейнінде дайндалмасқа?», - деді. Сонымен қатар ол ауыр атлетикамен айналысатын жоғары оқу орындарының студенттері де сол олимпиадалық резервтің командасымен бірге ара-тұра жаттығып тұруы керектігін атап өтіп, олар талантты жастарға шеберлік сыныптарын өткізу керектігіне назар аудартты.
«Әрине, қазіргі кезде біздің спортшылардың бәрінің назары Олимпиадаға ауып кеткені түсінікті. Бірақ, қайтып келгеннен кейін сіздер арнайы жоспар жасауларыңыз керек. Оған сай спортшылардың барлығы, әсіресе олимпиаданың чемпиондарын, күміс, қола жүлдегелерін өңір-өңірге бөліп жіберу керек. Онда олар той тойлап, шапан киіп, ат мініп жүрмей, студенттердің ортасына барып, кездесулер өткізсін. Костюмдерін спорттық киімге алмастырып, спорт залында солармен бірге жаттықсын. Бұл әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын», - деді Мемлекеттік хатшы Талғат Ермегияевке қарата.