Олимпиада спортшылар үшін мереке емес - Елена Хрусталева

АЛМАТЫ. Наурыздың 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Олимпиада жанкүйерлер, көрермендер үшін шынында да үлкен мереке болғанмен, біз үшін жұмыс. Оны ХХІ қысқы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева мереке қарсаңында Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Биатлоншылар Олимпиаданың ашылу рәсіміне қатысқан жоқ. Өйткені келесі күні жарыс болды. Біз 20 күн бойы Олимпиаданы тамашалаған жоқпыз. Уақыттың бәрін жаттығумен өткіздік. Жарысқа қатысқан кезде ешбір спортшы өзінің жеңімпаз болатынына 100 пайыз сенімді бола алмайды", дейді Елена Хрусталева. Олимпиада жүлдегерінің Ванкуверден кейінгі алғашқы жарысы наурыздың аяғында Риддерде өтетін Қазақстан чемпионаты болмақ. Ал негізгі сын 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындары болып отыр. Сүйікті биатлонынан басқа волейбол, көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерін ұнатқанмен, онда жарақат алып қаупі болғандықтан Елена олармен айналыспайды. Тек теледидардан ғана тамашалайды.