Олжас Сүлейменов жастарға ядроға қарсы қозғалыс эстафетасын табыс етеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде Семей ядролық полигонын жабу туралы Елбасы Жарлығының 25-жылдығына арналған студенттік форум өтеді.

Форум жұмысына «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыс президенті Олжас Сүлейменов, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ядроға қарсы қозғалыс ардагерлері, Алматы қаласы ЖОО жастар істері комитетінің көшбасшылары, бастапқы жастар ұйымының өкілдері қатысты. «Бүгінде сын-қатерлер мен заманауи қауіптер аясында «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыстың рөлі мен Мемлекет басшысы Жарлығының тарихи мәнінің өзектілігі арта түсуде.

Халықаралық форумдарда сөйлеген сөздерінде Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қарусыздану, сынақ жүргізуге тыйым салу, ядролық қаруды таратпауға қатысты бірқатар жаһандық бастамалар қозғады.   Бұл - «АТОМ», «Жасыл көпір», жаһандық энергия-экологиялық стратегия, «ХХI ғасыр: соғыссыз әлем» жобалары», - деп атап өтті Г. Мұтанов.

Бұдан басқа, форумда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Невада-Семей» қозғалысының бастапқы жастар ұйымының ресми таныстырылымы өтті. Өз кезегінде, Олжас Сүлейменов жастарға сынақтың жантүршігерлік зардаптары мен полигонды жабу мәні жайында тағы бір айтып өтті. «1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу тәуелсіздіктің алғашқы актісі болды.

Екі аптада біз полигонды жабу талабымен жүгінген 2 миллионнан астам қазақстандықтың қолын жинадық. 1989 жылғы наурызда бүкіл Қазақстан қол қоюға қатысты. Мұндай оқиға Қазақстан тарихында болып көрмеген. 2 миллион азамат бір уақытта полигонға наразылық білдірді. Күрес әлі де жалғасуда. Енді біз, ардагерлер 40 жыл сынаққа төзген елмен бірге эстафетаны жастарға табыстаймыз. Біз бәріміз бірлесе отырып сынақты жұмылып тоқтаттық», - деп атап өтті ол.