Еске сала кетейік, Омбудсмен бұл үндеуін Астана, Алматы қалалары, Қостанай, Қызылорда және Атырау облыстарындағы балаларға арналған мамандандырылған медициналық мекемелерге бару қорытындыларына орай жариялап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үндеуінде Омбудсмен балалардың құқықтарын қорғауды жетілдіру бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың, қалалар мен облыстардағы денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жүргізіп жатқан жұмысын атап өтті. Сонымен қатар, Үндеуде мониторинг барысында өмір бойы осындай мекемелерде қалуға душар болатын тастанды және дене, ақыл-ой ауытқулары бар ауру балалардың тұрақты арту тенденциясы атап өтіледі. Сондай-ақ, осындай балаларды асырап алу және отбасыларға орналастырудың баламалы нысандарын қолдану тәжірибесі (патронаттық тәрбиеге, қамқорлыққа және қорғаушылыққа беру) Қазақстан азаматтарынан байқалмайтынына назар аударылды.
Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибенің дамымауы қазақстандық қоғамның оларды жанашыр және патронатты қабылдауға дайын болмауынан емес, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу тәжірибесінің жеткіліксіздігіне қатысты еңсерілмейтін қаупіне қатысты болып отыр. Паллиативті науқастардың белгілі бір пайызына қарамастан, осы мекемелердегі балалардың басым көпшілігі әлеуметтендіру процесіне толық қатыса алады.
Бұдан бөлек, үндеуде Омбудсмен шет мемлекеттедің оң тәжірибесін мысал ретінде көрсетеді. Онда көрсетілгеніндей, шетелде денсаулығында елеулі проблемасы бар балаларды асырап алу процесінің кең таралғаны соншалықты, олар ел ішінен бөлек, шетелден де балалар асырап алып жатыр. Мысалы, Испания азаматтары жылына Ресейден 40-қа жуық мүгедек баланы, Италия - 35, Германия - 20, Франция -10, АҚШ азаматтары Ресейде тиісті мораторий енгізгенге дейін - 100 баланы асырап алған.
Көптеген елдерде дәстүрлі патронаттан өзге, соматикалық және психикалық ерекшелігі бар балалар үшін медициналық және психотерапиялық патронаттар дамыған. Жылдар бойы мамандар асырап алған отбасылармен жұмыс жасап, оларға жан-жақты кеңес пен медициналық қызметтер көрсетіп, мерзім аяқталғаннан кейін асырап алушыларға баланы жеткізу мәселесі шешіледі.
Асырап алған уақыттан кейін де, мемлекет ондай отбасыларға қолдау жасап, білікті мамандар тарапынан кеңестер беріледі. Сонымен қатар бала қажеттілігі үшін баланы асырауға қаржы бөледі. Бұл тәсіл, асырап алушыларға, мемлекет пен қоғамның ықпалды көмек көрсетуі мен ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеуге әрдайым жәрдем қолын соза алатынын білдіреді.
Үндеуде қозғалған басқа да маңызды мәселе осы санаттағы балалардың өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Бұл тұрғыда, Омбудсмен Астана қаласындағы «Нұрлы жүрек» балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің оң тәжірибесін атап өтеді. Мекемеде демеушілерді, еріктілер мен оқу орындарының студенттерін белсенді тарту арқылы балаларды қоғамға интеграциялауға баса көңіл бөлініп отыр.
Омбудсменнің пікірі бойынша, аталған процесс барынша кеңейтілген қатысушыларды керек етеді. Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауда тиісті мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге бастамашы болуы тиіс.
«Адам құқығы жөніндегі уәкіл мониторинг жүргізу барысында Қазақстанда балалар үйінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық құжаттың жоқтығына, балалар үйінің қызметін айқындайтын құқықтық базаның жоқтығына ерекше назар аударды. Бұрын қолданыста болған нормалар өз күшін жоғалтқан. Жаңа ереже қабылданбаған. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары туралы» Заңының 30-бабы 2-тармағында, баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға балаларды қабылдау және оларды күтiп-бағу талаптары, Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген орган бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады деп белгілейді. Осыған байланысты Обмудсмен, бірқатар әкімшілік қызметкерлері өз қызметін жүзеге асыру кезінде, жарамсыз нормативтік құжатты басшылыққа ала отырып әрекет ететінін атап өтіп, осыған байланысты тиісті шараларды қабылдауға шақырады», - делінген баспасөз баянында.