Омбыда қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Омбы қаласындағы №114 жалпы орта білім беру мектебі жанында қазақ тілі мен мәдениетінің оқу орталығы ашылды. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Асқар Джалдинов хабарлады, деп жазады pavlodarnews.kz.- Омбы облысының губернаторы былтыр Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевқа берген сөзінде тұрды. Бүгін сол Ресей өңірінде қазақ тілі орталығы қайта ашылды, - дейді А. Джалдинов.

Еске сала кетсек, Омбы қаласындағы қазақтарға туған тілдері мен мәдениетін меңгеруге арналған орталықты ашу мәселесі көршілес облыстардың басшылары кездескен сәтте көтерілген болатын. Омбы облыстық салалық департаментінің директоры Екатерина Спехованың айтуынша, бүгінгі таңда Омбы облысында 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Олардың 20 мыңы - мектеп оқушылары. - Орталықты ашудағы басты мақсат - ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді дамыту. Сонымен қатар, туған тілді меңгеруге жол ашу. Аталған орталық жанында жұмыс жасайтын үйірмелер мен факультативтерге бес және 16 жас аралығындағы кез келген оқушы қатыса алады, - дейді Е. Спехова. Мәселен, «Бастау алу» үйірмесі бірінші және төртінші сынып оқушыларына арналған. Ал қазақ халқының мәдениетін меңгеруге бағытталған «Шежіре» үйірмесі бесінші және 11-сынып оқушылардың игілігіне жарамақ. Сонымен қатар, бесінші және тоғызыншы сынып оқушылары үшін қазақ тілі мен грамматикасына арналған факультатив жұмысын бастамақ.