Өңделген хаттамалардың 0,88 пайызының қорытындысы бойынша В.Янукович - 36,08 пайыз, Ю.Тимошенко - 28,38 пайыз дауыс алды

АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат - Украинаның Орталық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссиялары хаттамаларының 0,88 пайызын өңдеп болды,

деп хабарлайды РБК агенттігі комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соңғы мәліметтер бойынша сайлаушылардың 36,08 пайызы В.Януковичке дауыс берсе, 28,38 пайызы - Юлия Тимошенкоға, 9,04 пайызы - Сергей Тигипкоға 3,27 пайызы - Арсений Яценюкқа, 5,34 пайызы - Виктор Ющенкоға, 4,20 пайызы - Петр Симоненкоға, 2,87 пайызы Владимир Литвинға берген.

Украинадағы президенттік сайлау екі кезеңде өтетін болды, деп хабарлады арнайы брифингте Орталық сайлау комиссиясы басшысының орынбасары Андрей Магера. «Кеше өткен сайлаудың бірінші кезеңі бойынша Аймақтар партиясын басқаратын Виктор Янукович көш бастап келеді. Елді тағы бір дауыс берудің күтіп тұрғаны ешкімге құпия емес», деді Магера өз сөзінде.

Бірінші кезеңде жеңіске жету үшін кандидат 50 пайыз плюс тағы бір дауыс алуы керек еді. Дауыс берудің екінші туры ақпанның 7-сіне жоспарланған.