17:54, 22 Мамыр 2009
Өнерге мемлекеттік деңгейде тұрақты көңіл бөлгенде ғана ол өседі, өркендейді ? А.Әшімов
ОРАЛ. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Бұл күндері М.Әуезов атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры Оралда гастрольдік сапарда жүр. «Әкемтеатрдың» Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қойған туындысының бірі – «Ымырттағы махаббат» (Г.Гауптман, аударған Қалихан Ысқақ, қойған Рубен Андриасян). ҚазАқпарат тілшісі осы спектакльде басты рольде ойнаған атақты актер, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімовпен
әңгімелескен болатын.
- Асанәлі аға, әр адам өзінің түп-тамырына тартады деп жатады. Сізге өнер кімнен жұқты деп ойлайсыз?
- Бұл маған табиғаттың бергені деп ойлаймын. Өйткені өнерге бала кезімде онша құмар емес едім. О баста осы оқуға түсемін деп ойлаған да жоқ едім. Тағдырдың жазуы солай болды. Домбыра тарта алмаймын, ән сала алмаймын, қалай болады деп жүргенде, мұның жолы басқа екен. Қазір, қарап отырсам, бұған кездейсоқ келгеніммен, осының өзі заңдылық секілді. Яғни ештеңені білмей, түсінбей келсең, көп нәрсені бойыңа тез сіңіреді екенсің. Сахна өнері сезімталдықты, алғырлықты, өткірлікті, қиялшылдықты жоғары қоятын мамандық екен. Бүгінде соның біраз асуынан өттік. Әрине, бұл жолға түскеніме өкінбеймін. Бірақ бастапқыда туысқандарымның бәрі қарсы болды. Негізі, мені қорғап жүретін бір күш бар. Пірім бар. Қиын кезде үнемі жол көрсетіп тұрады.
- Жамбыл бабамыз айтқан ғой, ол кейде қызыл жолбарыс кейпінде көрінеді деп...
- Тап солай! Менің атам Ысқақ пірәдар, сондай таза, ақ қағаздай әдемі адам болған ( біздің арғы ата-бабаларымыз осы сіздің жақтан көшкен, Шеркеш руынанбыз). Сол кісінің құрметіне Жамбыл облысы Сарысу ауданында мешіт те тұрғыздым. Енді бір сырымды бүкпей-ақ қояйын, «Атаңыздың қызыл жолбарысы сізге қонған екен» деп, бір адам емес, көріпкелдердің талайы айтты.
- Өнердегі жолыңызды театрдан бастадыңыз ба, әлде кинодан ба?
- Әуелі мен кинодан бастадым. Консерваторияның театр және өнер бөлімінде оқып жүргенде бірінші курста-ақ «Ботакөз» кинофильмінде кішкентай Кенжетайдың ролінде ойнадым. Содан басталып кетті. Үшінші курста «Асау Ертіс жағасында» деген фильмге түстім. Әйтеуір оқу орнын бітіргенше, төрт-бес киноның басын қайырып тастадым. Бірер жыл киностудияда жұмыс жасадым. 1964 жылы Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың (өзі де театрда еңбек еткен адам ғой ) ақылымен театрға кірдім. Сонда сахнада жүргеніме биыл 45 жыл толып отыр екен.
- Сіз Мұхтар Әуезов театрында отызға жуық рольде ойнаған екенсіз. Осының бәрі де жаныңызға жақын шығар?
- Әрине, бәріне де еңбек сіңіріп, тер төктік. Ішінде оң жамбасыма бірден келіп, еркін ойнайтын рольдерім бар. Бірақ қай-қайсысын да өз дәрежесінде шығару үшін тыңғылықты дайындаласың. Жас кезімізде кібіртіктеген уақытымыз болмай қалған жоқ. Шеберлік бірте-бірте келеді. Қазір жастар сондай күйге түсіп қалса, соны білдірмей алып шығуға тура келеді. Негізі сахнаның өз әсері болады. Ең бастысы, ой еркін болуы керек. Сосын дене еркіндігі деген сабақ бар. Былайша айтқанда, бәріне де тастүйін дайын болып, кей уақытта тауып кету, импровизацияға да бара білу қажет.
- Басты роль бірден көзге түседі, дегенмен қосалқы рольдердің де жауапкершілігі аз емес шығар?
- Оған сөз жоқ қой. Көпшілік ішінде де жүрдік, қосалқы, екінші қатардағы рольдерді де шығардық. Дегенмен, үлкен рольдерге бірден кірісіп кеттік қой. Қазір енді жас келген соң, өзіме арнап жасалған дүние болмаса, жастарға жол беру, оларға ақыл айту керек. Жалпы, сахнаға кіре білу керек, одан шыға да білу керек. Мәңгілік ештеңе жоқ. Ойлағанымның бәрін тындырдым деп айта алмаймын. Армандағанымызбен, ойнауға сәті түспеген рольдер де болды.
- Сіздің ойыңызша, режиссер мен актердің бір-бірімен байланысы қандай болуы керек?
- Мұның біреуінің рөлі жоғары, екіншісін төмен деп айтуға болмайды. Әуелі драматургияға режиссер өзінің білім-білігіне қарай қосарын қосуы керек. Сосын актер өзінше әрлейді. Ошақтың үш бұтындай нәрсе ғой, сонда ғана өнер туады. Мысалы, Шекспирдің шығармасын қоймаған ел жоқ. Алайда оны сахналағанда, ұлттық табиғатымызға жақындатудың еш ерсілігі жоқ. Тіпті кейде кейіпкерлерді қазіргі заманша киіндіруге дейін барып жатады.
- «Ымырттағы махаббатта» Маттиас ролінде ойнағаныңызда, Инкенге «Менің сынған кезімді көрдің бе!?» дедіңіз ғой. Өмірде де сондай беріксіз бе?
- (Актер бір сәт үнсіз қалып, көзіне жас үйірілгендей болды ) ... Адамбыз ғой бәріміз де, ондай сәттер кім-кімнің басында болады ғой. Бірақ соның бәрін жұртқа көрсетпеуге тырысамын.
Қастандық жасаушылар да жоқ емес. Мылтықпен атпайды, тілмен, сөзбен түйрегісі келеді. Мұның бәрі қызғаныштан туатын нәрсе ғой.
- Кішкентай Асанәлі қалай өсіп келеді. Есейгенде сіздің жолыңызды қуатын түрі бар ма?
- Оны кім білген. Әйтеуір қазіргі бағыты, ой-санасының дамуы, бір нәрсені аңғаруы жаман емес. Бір жас төрт айға толды. Бәрі де тәрбиеге байланысты. Біз далада көбірек жүреміз. Бала кезінен бұл жүк анасына түседі. Сондықтан мен шешесіне сенемін.
- Аға, киноға түсіп жүрсіз бе?
- Қазір «Транссібір экспресінің» жалғасын айналдырудамыз. Режиссурасы кішкене нашарлау болып тұр, соған қайғырып жүрміз. Осы сапардан оралған бойда Бангкокқа барып, эпизодтар түсіреміз.
- Бірнеше кітап жазғаныңызды білеміз. Мұны да жалғастырасыз ба?
- Мен жазушы емеспін. Балаларым, жарым туралы, Мұхтар Әуезовтен бастап, белгілі тұлғалар жөнінде көрген-білгенімді қағазға түсірдім. Күнделік жазатын өнерім бар еді. Бұл да қызықты дүние болып тұр. Бес томдығым қазақша шықса, енді бір кітап орыс тілінде жарық көріп жатыр. Фотоальбомдар да бар.
- «Әкемтеатрдың» біздің өңірге келмегеніне жиырма жылдан асқан екен. Бұл аз уақыт емес. Театрлар ел ішін жиірек аралауы қажет емес пе?
- Қазіргі кезде облыстарға гастрольге тұрақты шығып жүрген біздің театр ғана. Соның ішінде «Ымырттағы махаббат» барлық дерлік облыс орталықтарында қойылды. Маған қойылымды тамашалаған Ақ Жайық көрермендері өте ұнады. Дені түсінігі бар, спектакль арқылы не айтайын дегеніңді ұға алатын жандар екен. Бұл соның бәрін көріп тұратын актерге әсер етеді. Осындай жанды байланыс болса ғана көрермен де өседі, актер де шеберлігін шыңдай түседі.
Гастроль дегенде айта кетелік, театрда қойылған дүниенің бәрін әкеле алмайсың. Декорацияны да түгел тасып жүру қиын. Сахна тар, декорация ойдағыдай болмаған соң, бұл актерге ыңғайсыздық тудырмай қоймайды. Сондықтан туындыны сол театрдың өзінде көргеннің жөні мүлде бөлек. Әркім мейрамдатып, той-думан қуып кетпей, бірер сағат уақытын театрға қиғаны дұрыс.
Түптеп келгенде, айтарым, өнер халықтікі, сондықтан мемлекеттік деңгейде тұрақты көңіл бөлгенде ғана ол өседі, өркендейді.