Өңеш обырымен негізінен 50-60 жастағы ер адамдар көп ауырады – онколог

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр өңеш обырынан 15 адам қайтыс болса, жыл басынан 7 сырқат қатерлі ісіктен көз жұмды. Дерт алғашқы сатысында анықталған жағдайда толық емделіп шығуға мүмкіндік жоғары, бұл обырдың екінші сатысында әр екінші адам ғана тәуір болады. Облыстық онкологиялық орталықтың дәрігері Виктор Фрешер ҚазАқпарат тілшісіне өңеш рагының алғашқы белгілері туралы және алдын алу жолдары туралы айтып берді.

СҚО көпбейінді облыстық аурухана онкологиялық орталығының дәрігері Виктор Фрешердің айтуынша, өңеш обыры - жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының есебінше, ол барлық онкологиялық аурулардың ішінде 6 орында тұр.

«Көп жағдайда өңеш обырымен ер адамдар, соның ішінде 50-60 жастағылар ауырады. СҚО-да қазіргі уақытта 74 адам диспансерлік есепке алынған. Соның 47-сі – ер адам. Жылда орта есеппен 30 адамға жаңадан диагноз қойылады. Аурудан қайтыс болғандар саны артқан. Мәселен, 2021 жылы 10 адам дүниеден өтсе, былтыр 15 адам көз жұмды. Биыл 5 айдың ішінде 7 адам қайтыс болды», - дейді Виктор Фрешер.

Дәрігердің айтуынша, өңеш обырын неғұрлым ерте анықтаған жөн.

Өйткені, ол емдеуге оңайлықпен бой бермейді. Мәселен бірінші сатысында сырқаттардың 90 % ем қонса, үшінші сатысында тек 10 % ғана тәуір болады.

«Обырдың пайда болуына не себеп? Әртүрлі тітіркендіргіш факторлардан өңештің созылмалы қабынуы – эзофагит пайда болады, ол кейін қатерлі ісікке айналады. Шылым шегу және спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану, дұрыс тамақтанбау, ауыр металлдары бар сусын ішу, өңешті түрлі қышқыл, сілтімен күйдіру, зиянды өндірісте жұмыс істеу, тамақты өте ыстық күйінде ішу, өңішті қатты тамақпен немесе басқа затпен механикалық зақымдап алу – мұның бәрі обырға әкелуі мүмкін. Өңеш рагын бастапқы сатысында анықтау қиын, ісік пайда болғанша дейін адам ешқандай жайсыздықты сезінбейді. Ісік өсе бастағанда тамақты жұтуы қиындай түседі. Алғашқы белгісі де осы – сырқат тамақты жұтқан кезде бөгде затты сезеді. Тамақ өтпей өңеште тұрып қалуы мүмкін. Уақыт өте келе жайсыздық тек ұлғая береді, адам жұту қиын болғандықтан қатты тамақ жеуден бас тартады. Кеудесінде бөгде зат тұрғандай болып, тамағы, арқа тұсы, жауырынның үсті ауырады. Жиі лоқсып, құсады», - дейді Виктор Фрешер.


Онкологтың айтуынша, дұрыс тамақтанбағаннан адамның дене салмағы азаяды, күш-қуаты кеміп, анемия ауруы пайда болады.

Үнемі қарны ашып, тілі ақ-сұр түске енеді екен.

«Аурудың тағы бір белгісі – кеңірдектің тітіркенуінен құрғақ жөтелдің мазалауы. Дауыс қарлығып, кейін қан аралас қақырықты жөтел пайда болуы мүмкін. Асқазан қыжылдайды, ауыздан жағымсыз иіс шығып, дене қызуы көтеріледі. Өңеш обырының соңғы сатысында ас, тіпті сілекей ісіктің салдарынан өңештен өтпейді. Қатерлі ісіктің бұл түрі өте баяу дамиды. Бірақ алғашқы белгілері пайда болған жағдайда оған немқұрайлы қарамай бірден дәрігерге қаралған жөн. Ал дәрігер онкологиялық аурудың бар-жоғын анықтау үшін, обыр болған жағдайда оның ағзаға таралу деңгейін байқайды. Сол үшін сырқатты бірқатар зерттеуден өткізеді», - дейді дәрігер.

Онкологтың айтуынша, өңештің қатерлі ісігі зертханалық және аспаптық әдіспен анықталады. Ол үшін өңештің рентгенографиясы жасалады.

Эндоскоп арқылы өңеш тексеріліп, ауру ошағының көлемі анықталады, зерттеу үшін материал алынады.

Сондай-ақ компьютерлік томография жасалып, ісіктің сыртқы мөлшерін және оның басқа мүшелерге таралуын байқайды.

Бұдан басқа онкомаркерлерге қан сараптамасы жасалады, қажет болған жағдайда бронхоскопия да істелінеді.

«Өңеш обырын емдеудің бірнеше жолы бар. Бірақ ол аурудың сатысына, сырқаттың жасына және оның жалпы жағдайына байланысты. Соның ішінде хирургия - өңеш обырының ең көп тараған емі. Ота арқылы өңештің бір бөлігін немесе көп бөлігін алып тастайды. Сәулелік терапия - радиоактивті заттарды қолдану арқылы ісік жасушаларын өлтіру немесе зақымдау үшін қолданылады. Радиацияны ісіктерді кішірейту немесе операциядан кейін қалған рак клеткаларын жою үшін қолдануға болады. Химиотерапия рак клеткаларының өсуін жою немесе тоқтату үшін дәрі-дәрмектерді пайдалану арқылы жүргізіледі. Кейбір химиотерапиялық препараттар таблетка түрінде қабылданады, енді бірі екпе түрінде тамыр арқылы тікелей қанға енгізіледі. Химиотерапия кейде ісікті кішірейту үшін операция алдында қолданылады», - дейді Виктор Фрешер.

Ал өңеш обырының алдын алу үшін онколог ең болмағанда темекі мен алкогольден бас тартуға кеңес береді.