Биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған бұл бағдарлама «Бизнестің жол картасы», экспорттаушыларды қолдау, инвесторларды тарту, кәсіпорындарды дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру (сауықтыру) шараларын толықтыратын бірегей бағдарлама болып табылады. Еңбек өнімділігін арттыру арқылы өнеркәсіп кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейту, міне бұл бағдарламаның басты мақсаты осы. Бұл үшін бірінші кезекте кәсіпорындарда қолданылатын басқаруды және өндірістік технологияларды жетілдіруге, кәсіпорындарды жаңартуға (техникалық қайта жарақтауға), бәсекеге қабілетті өндірістерді құруға айрықша назар аударылады. Осы бағытта инвестициялық жобаның кешенді жоспарын жасауға немесе сараптамаға кеткен шығынның бір бөлігін өтеуге, ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыру жүргізуге, білікті жобалаушы және инжинирингтік ұйымдарды тартуды ынталандыру; инновациялық гранттар бөлу мен заманауи басқарушы және өндірістік технологияларды енгізу шаралары көзделеді. Осынау мақсатқа жету үшін Үкімет тарапынан кәсіпорындардың басқару және өндірістік технологияларын жетілдіру, қолданыстағы өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілетті жаңа өндірісті құру шаралары да қарастырылған. Бұндай қадамдар іске асса, экономиканың әлеуетті салаларындағы ірі, орта әм шағын кәсіпорындар әрекет ету аймағында жағымды бизнес-орта қалыптасады. Мінеки, осындай ауқымды шаралардың негізгі бөлігі биыл қолға алынғанымен, оны тікелей жүзеге асырумен айналысатын басты оператор Индустрия және жаңа технологиялар институты жанындағы «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ-ның құрылғанына да жақында бір жыл болады.
Компания президенті Мейрам Қажыкеннің айтуынша, «Өнімділік-2020» бағдарламасы биыл ілкі (пилоттық) кезеңнен өтеді. Ал бизнес орта үшін ауқымы кең бағдарламаға Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптің әлеуетті саласындағы инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қабілетті кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Мәселен, машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, химиялық және фармацевтикалық өнеркәсіптері, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар осы бағдарламаға қатыса алады. Дегенмен, «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпорындарды іріктеуде негізгі бес талапқа назар аударылады. Біріншіден - жобалардың бәрінің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму басымдық бағыттары болуы шарт. Екіншіден - модернизациялаудың кешенді жоспары талап етіледі. Үшіншіден - еңбек өнімділігіне көңіл бөлінедуі. Төртіншіден - кәсіпорындардың энергетикалық тиімділігін арттыру мәселесіне назар аударылады. Бесіншіден - кәсіпорынның қосымша құны мен қаржылық тұрақтылығы болуы қажет.
Бұл ретте «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ президенті Мейрам Қажыкен BNews.kz интернет порталында өткен онлайн-сұхбаты барысында өткен бір жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталған еді. «Енді екі күннен кейін Қазақстандық индустрия дамыту институтының құрылғанына дәл бір жыл толады. Осы бір жылдың ішінде аз шара атқарылған жоқ. Ең бастысы, біз өткен жылы үш айдың ішінде қазақстандық 150-ге тарта кәсіпорындарға Дүниежүзілік банкімен бекітілген әдістеме бойынша технологиялық аудит жүргіздік», - деді М. Қажыкен. Оның айтуынша, аталған институт Жапония мен Корея институттары үлгісінде құрылған. Аталмыш елдерде бұндай компаниялар өнеркәсіп, өнеркәсіптік өндіріс салаларында терең зерттеулер жасайды. «Бұндай идеяны елімізге ендіру екі жыл бұрын мәселе болып көтерілген еді. Әрине, қазақстандық институт Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен үндесіп қабылданды. Ең басты мақсатымыз - бағдарламаға, оның салалық тармақтарына мониторинг жасау. Бұл өте ауқымды шара. Мәселен, біздің осы бағыттардағы міндеттерді жүзеге асыру үшін бірінші тоқсан бойынша жасаған есебіміздің өзі 900 парақшаны қамтыды. Расында бізге керегі сан емес, сапа. Сондықтан да, бұндай есептерді сапалы әрі мазмұнды етуді қолға аламыз», - деді М. Қажыкен.
Ал биыл атқарылған шараларға келсек, қазіргі уақытта «Өнімділік-2020» бағдарламасына еліміздің 113 компаниясы қызығушылық танытып отыр. Жыл аяғына дейін олардың саны арта түсетіні де күтіледі. Соның ішінен еліміздегі 50-ге тарта компания нақты бағдарламамен қамтылуы мүмкін. Ал таңдалған компания өнімділікті арттырудың тетігімен жүреді. «Жалпы, өнімділікті арттыруды жаңғырту тек қана техниканы, технологияны жаңғыртумен немесе негізгі қорды иеленумен шектелмейді. Бұнда негізінен бизнес-үлгіні, бизнес-мәдениетті өзгерту басты мәселе болып табылады. Осы арқылы кәсіпорынның, компанияның құрылымына, қызметіне өзгерістер енгізіледі. Яғни, бұл ретте менеджменттік, басқарушылық құзырлылыққа қатысты көптеген мәселелер қамтылады. Дәл бұл бағыттан келсек, біздің көптеген компаниялардың басшыларына тренингтер, семинарлар мен оқытулар жетіспейтін тәрізді. Осыған орай, Қазақстанның бизнес академиясымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сондықтан да, қыркүйектің 1-іне дейін топ-менеджерлер мен ортанқол менеджерлерді даярлау және қайта даярлаудың тұжырымдамасын әзірлемекпіз»,-дейді компания президенті.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда көптеген кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері өз салаларында оқып, біліктілігін жетілдіргісі келеді. Алайда өңірлердегі кәсіпорын басшыларына ондай жағдай қарастырылмаған. «Сондықтан да, өңірлерде кәсіпорын басшыларын қайта оқыту орталықтарын құру ойда бар. Сол кәсіпорындар орналасқан жерде тренингтер өткізу де ойланатын дүние. Әрине, бұнда әлі де жетілдіре түсетін мәселелер жеткілікті. Оның бір тармағы әдістеменің бірегейлігінде болып отыр», - деді М. Қажыкен.
Ал осы мақсаттағы іс-шараларды қаржыландыруға келсек, бұл үлкен мәселе. Мысалы, компания президентінің айтуынша, ағымдағы жылы «Өнімділік-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға шамамен 34,9 млрд. теңге жұмсау көзделген. Оның 19,9 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған 15 млрд. теңгеге жуық қаражат инвестор ретінде Қазақстанның даму банкінен қарастырылып отыр. «Менің ойымша, аталған бағдарламаның ең осал тұсы - оның қаржыландыру ыңғайында болып табылады. Өйткені, біз айтқан ел экономикасының ауқымды міндетін жүзеге асыруға бір ғана бюджетті жегіп қоюға болмайды. Сонымен қатар біздің сарапшылардың бағалауынша, еліміздегі өнімділікті арттыру үшін 2014 жылдың соңына дейін 7-8 млрд. доллар қажет етіледі. Яғни, бұл салаға қомақты қаражат қажет. Дегенмен, бұндағы негізгі құрал ел бюджетіне емес, рыноктык институттарға жүктелуі шарт. Осы бағытта өнімділікті қаржыландыру қаражатын шоғырландыратын нарықтық қаржылық жүйені құрудың маңызы зор. Бұл мемлекеттің қатысуын да бизнестің өнімділігін жаңғыртуды да жеңілдететін шара болар еді. Екіншіден, соңғы уақытта бюджет қаражаты жүрген жерден бизнес те қашқақтай бастады. Өйткені оның құжатын жинаудан бастап, мемлекеттік орган тексерістеріне дейінгі «бас аурулары» өте көп. Сондықтан негізгі салмақты нарыққа салу керек», - деді М. Қажыкен.
Түйіндеп айтсақ, мамандардың пікірінше, «Өнімділік - 2020» бағдарламасындағы көрсетілген міндеттер жүзеге асатын болса, алдағы он жылда шығын инфляциясына мықтап тұрып тосқауыл қоюға болады. Сонымен қатар «Өнімділік-2020» басқа да салалық бағдарламаларды толықтырып, іркіліп тұрған кәсіпорындарды серпілтетін болады.