ОРАЛ. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Зеленов ауданы Көшім ауылында «Licorice Kazakhstan» ЖШС-ның жылына 3 мың тонна мия тамырын өңдейтін зауыты іске қосылды.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, өңірде 271 млрд. теңгеге 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде 90 млрд. теңге тұратын тоғыз жоба республикалық индустрияландыру картасына енгізілген болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл 3,3 млрд. теңгенің 92 жобасы өз мәресіне жетпек. Құны 558 млн. теңге тұратын аталмыш зауыт - соның бірі. Болашақта оның аумағынан фармацевтикалық фабрика салынып, құрамына мия тамыры қосындысы енетін түрлі дәрі-дәрмек, басқа да тауарлар өндірілетін болады.
Зауыт директоры Мұрат Төлебаевтың сөзіне қарағанда, сапалы дайын өнім экспортқа да шығарылады. Күні бүгін әлемде жылына 100 мың тонна мия тамыры өңделетін болса, соның 3 пайызы батысқазақстандық зауыттың үлесіне тимек. Мұнда 60 тұрақты, 100-дей маусымдық жұмыс орны ашылмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).