13:45, 25 Наурыз 2009
Өңірде Наурыз мейрамы күндері 14 өрт оқиғасы орын алды
ОРАЛ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында Наурыз мейрамы күндері 14 өрт оқиғасы орын алды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, сондай-ақ бұл күндері шұғыл құтқару жасағы алты рет атқа қонды.
Наурыздың 22-сінде Орал қаласындағы базардың бірінен таңғы сағат алтыға жақын тауары бар екі контейнер өртенді. Оған жапсарлас тағы екеуі отқа шалынды. Өрт аумағы 20 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер оқиға болған жерден екі жеңіл көлікті аман алып қалды.
Наурыздың 21-інде Мәметова көшесі 103-мекенжайында «Хайруллина» жеке кәсіпорнына қарасты жазғы дәмхананың кіреберісі өртенді. Таңғы сағат бестер шамасында болған бұл өрт қасақана қойылған деген жорамал бар.