13:56, 26 Наурыз 2009
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында селолық әкімдер рөлін арттыру жайы қарастырылды
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыс әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткізілген селолық, кенттік округтер әкімдері қатысқан екі күндік семинар кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында округ әкімдерінің рөлін арттыру жайы қарастырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Тұрғындардың тұрмыс тауқыметімен тікелей байланысты ауылдық, селолық, кенттік округтер мен шағын қалалар әкімдерінің іс әрекетіне қолдау жасау қажеттігі Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап көрсетілген. Бүгінде өңірде 659 елдімекен болса, олар 266 округке топтасқан. Бұл ауылдарда 600 мыңға жуық халық бар. Әкімдердің басты міндеттері тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуді жүзеге асыру, жұмыссыздықтың алдын алу болып табылады. Бұл ретте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу мен қайта жарақтау, әлеуметтік инфрақұрылым, жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу Елбасы атап көрсеткен басым бағыттар болып отыр. Бұл салаларға аймақ бойынша 4,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның сыртында республикалық қазынадан 2,6 миллиард теңге ескерілген. Басқосуда айтылғандай селолық округ әкімдеріне «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңына сәйкес бірқатар құзырлы міндеттер бөлінбек. Осы мақсатта бюджеттен қаржы қарастырылып, нақтылы жобаларды жүзеге асыру міндеттері жүктеледі. Іс-шара аясында аймақты дамытудың стратегиялық жоспарын жасау, өңірдегі діни жағдай, аймақты дамытудағы округ әкімдерінің рөлін арттыру мәселелері әңгіме арқауына айналды. Өз кезегінде қарастырылған мәселелер төңірегінде облыс әкімі Альберт Рау, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мұратбек Тақамбаев, облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкері Ерғали Тәшенов пен бірқатар селолық округтер әкімдері ойларын ортаға салып, оны жүзеге асыру жайында пікірлерімен бөлісті.Округ әкімдерінің басқосуына қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да Парламент қабырғасында қарастырылып жатқан Заң жобалары жайында мағлұмат берді.