Онколог қатерлі ісіктің елемеуге болмайтын алғашқы белгілерін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы жылдары онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 26,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар қатерлі ісікті бастапқы кезеңде анықтау көрсеткіші 36,8 пайызға жетіп, асқынған жағдайлар 7,5 пайызға азайған.

Фото: Pexels

Қатерлі ісіктің алғашқы болжамды белгілері мен емнің жаңа тәсілдері жайлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында онколог дәрігер Қуантқан Жабағин айтты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде 246 мың пациент онкологиялық ауру бойынша динамикалық бақылауда. Дегенмен Қазақстанда жыл сайын шамамен 43 мың жаңа онкологиялық жағдай тіркеледі. Осыған байланысты ауруды ерте анықтау және оның алдын алу мәселесі өзекті болып отыр.

— Қатерлі ісікке кез келген адам шалдығуы мүмкін. Оның пайда болу себептері әлемде әлі толық анықталған жоқ. Бұл — бір ғана факторға байланысты емес, бірнеше себептен туындайтын процесс. Генетикадан бөлек, дұрыс тамақтану, артық салмақтан сақтану, дұрыс ұйықтау және күнделікті өмір салтының қалыпты болуы маңызды, — деді жоғары санатты онколог.

Фото: Видеодан скрин

Маманның айтуынша, қазіргі қоғамда ұйқының азаюы, дұрыс тамақтанбау, күйзелістің көбеюі және профилактикалық тексерулерден уақытылы өтпеу қатерлі ісікті ерте анықтауға кедергі келтіреді.

Қатерлі ісікке кез келген адам шалдығуы мүмкін

Қуантқан Жабағиннің айтуынша, адамдардың арасында онкологиялық ауруға қатысты түрлі түсінік бар. Соның бірі — отбасында мұндай ауру болмаған жағдайда адамның өзі де қатерлі ісікке шалдықпайды деген пікір.

— Көбі «тұқымымызда мұндай ауру жоқ еді, мен де ауырамын ба?» деп алаңдайды. Бірақ бұл тек тұқым қуалайтын ауру емес. Шынында кез келген адам ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан адам ауырған жағдайда өзін кінәлі сезінбеуі керек. «Стресстен болды», «дұрыс тамақтанбағаннан болды» деп өзін жазғырудың қажеті жоқ, — деді дәрігер.

Оның сөзінше, қатерлі ісікті ерте анықтауда скринингтен өту және ағзадағы өзгерістерге уақытында мән беру маңызды.

Фото: pexels.com

— Егер адам себепсіз арықтап кетсе, дауысы қарлыға берсе, бір айдан астам уақыт жөтел болса, қатты тершеңдік байқалса немесе лимфа бездері ұлғайса, дәрігерге қаралу керек. Кіші дәрет кезінде қан бөлінуі де назар аударуды қажет етеді. Әйелдерде менопаузаға қарамастан қан кету байқалса, онкологиялық ауруға күдіктеніп, ауруханаға жүгінген жөн, — деді Қуантқан Жабағин.

Маман денедегі қал мен меңдердің өзгеруіне де назар аударуға шақырды. Егер олардың көлемі ұлғайып, түсі өзгерсе, дәрігерге қаралу қажет.

— Жылына бір рет тексеріліп тұрған дұрыс. Қазақстанның әр қаласында алғашқы медициналық тексеруден өту мүмкіндігі бар. Ең маңыздысы — скринингтерден уақытында өту, — деді ол.

Онкологияны емдеуде жаңа тәсілдер қолданылып жатыр

Онколог қазіргі таңда қатерлі ісікті емдеу тәсілдері де өзгеріп жатқанын атап өтті. Бұрын аурудың тек қай сатыда екеніне басымдық берілсе, қазір ісіктің молекулалық-генетикалық ерекшеліктері де зерттеледі.

— Қазір бұрынғыдай жаппай химиотерапия беру жоқ. Бұрын «аурудың қай сатысы?» деп сұрайтын едік. Қазір «аурудың молекулалық-генетикалық түрі қандай?» деп сұраймыз. Өйткені сол талдауларға байланысты дәрілер тағайындалады. Қазақстанда қажетті дәрілердің барлығы қолжетімді және тегін беріледі, — деді Қуантқан Жабағин.

Маман сонымен қатар ядролық медицина саласының онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі маңызына тоқталды.
ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының жанындағы Ядролық медицина орталығы Қазақстандағы ең ірі және Орталық Азиядағы ірі орталықтардың бірі саналады. Мұнда онкологиялық ауруларды анықтау және емдеу үшін радиофармпрепараттар қолданылады.

Фото: qr-pib.kz

— Радиофармпрепараттар — онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде таптырмайтын құрал. Радиоизотоптардан арнайы дәрілер дайындаймыз. Оларды қатерлі ісіктерді анықтауға және емдеуге қолданамыз. Орталықта 11 түрлі радиофармпрепарат бар. Олар сирек кездесетін ісіктерді диагностикалауда да пайдаланылады, — деді дәрігер.

Оның айтуынша, орталыққа Қазақстанның барлық өңірінен пациенттер келеді. Мұнда жылына шамамен 35-40 мың адам тексеруден өтеді. Күніне 80-90-ға жуық зерттеу жүргізіледі.

Қуантқан Жабағин онкология саласындағы 16 жылдан астам тәжірибесінде 35-40 мыңға жуық пациентке кеңес бергенін айтты. Оның ішінде химиотерапия және ядролық медицина бағыттары бойынша медициналық көмек көрсетілген.

Дәрігер онкологиялық науқастар мен олардың жақындарына түсінікті ақпарат беру мақсатында «Онколог без халата» атты кітап жазған. Кітапта емделу кезінде пациенттер жиі қоятын 100 сұраққа жауап берілген.

Фото: Видеодан скрин

— Бұл кітап менің ғана жеке еңбегім емес. Мұнда онкологиялық науқастардың да еңбегі бар деуге болады. Себебі кітаптағы 100 сұрақ — науқастардың маған қойған сұрақтары. Ем барысында қалай өмір сүру керек, химиотерапияның асқынуларымен қалай күресуге болады, қалай тамақтану керек деген сұрақтар көп қойылады. Өйткені ел арасында мифтер өте көп, — деді ол.

Маман кітапты медициналық терминдерді барынша азайтып, қарапайым тілде жазғанын атап өтті. Оның айтуынша, еңбек онкологиялық диагноз қойылған науқастарға ғана емес, олардың туыстарына және жас мамандарға да пайдалы болады.

— Адам өз басынан өткермей, біреудің жағдайын толық түсіне алмайды. Дәрігер емес, анасы немесе әкесі ауырып қалған адам оның қандай көмек көрсететінін, қандай тамақ беретінін, не кигізетінін, қайда апаратынын білмей қалады. Оның ойында жүздеген сұрақ пайда болады. Осы кітап сол науқастарға ғана емес, олардың туыстарына да көмек болады деп ойлаймын, — деді Қуантқан Жабағин.

Айта кетейік, бұған дейін, тегін онкологиялық скринингте 1837 обыр жағдайы расталғанын жазған едік.