Бұдан бөлек, елімізде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім деңгейі жүрек-қан айналымынан кейінгі екінші орында тұр. Өңірлік мәліметтермен жіктесек, онкологиялық аурулардың жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысында тіркелген, онда 100 мың адамға шаққандағы науқастар саны 271 адамды құрайды. Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы - 100 мыңға шаққанда - 269,6, Қарағанды облысында - 258,8 және Алматы облысында - 250,4 адамды құрап отыр. Осындай мәліметтердің өзі қазақ арасындағы онкологиялық ауруларға кешенді жәрдем көрсетудің, аурудың алдын алудың өзекті екенін көрсетсе керек. Осыған орай болса керек, Елбасы Н. Назарбаев ағымдағы жылғы Жолдауында Қазақстанда онкологиялық көмекті дамыту туралы салалық бағдарламаны Денсаулық министрлігіне екі ай мерзім ішінде әзірлеуді тапсырған болатын. Бұдан бөлек, Президент Астанадағы Ұлттық медициналық холдинг базасында Ұлттық онкологиялық орталық салуды жүктеген еді. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі 2012-2016 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамытудың салалық бағдарламасының» жобасын әзірлеген болатын. Осы жоба өткенде Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП жанындағы Әлеуметтік кеңесте таныстырылған болатын.
Жаңа бағдарлама аясында дертке шалдыққан жұртшылыққа қандай жақсылық жасалады? Жобаның басты көздегені - аурудың осы түрінен болатын өлім-жітімді азайту. Осы үшін 2012-2016 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар көзделеді. «Бағдарламаны әзірлеу барысында біз онкологиялық аурулар бойынша жәрдем жасау бағытындағы әлемдік тәжірибені зерделеп, оңтайлы жүйелерді сараладық. Сол тәжірибелер негізіне сүйенсек, Қазақстандағы басты проблемалар онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауға қатысты болып отырғанына көзіміз жете түседі. Яғни онкологиялық ауруларға қатысты біздегі басты мәселе - ауруды ерте бастан анықтау деңгейі. Қазақстанда қатерлі ісіктің белгілерін ерте кезеңде анықтау деңгейі 47,5 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Францияда бұл - 68, Израильде - 63, Оңтүстік Кореяда 60 пайызды құрап отыр»,- дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов. Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінгі күні 1 радиологиялық ғылыми-зерттеу институты, 19 өңірлік онкологиялық диспансер мен емханалардағы онкологиялық кабинеттер жұмыс істеп жатыр. Яғни, Қазақстанда бұған дейінгі онкологиялық базалар толық сақталған, ондағы жұмыс қағидаттары да сол қалпы десе де болады. Алайда, бұл бағыттағы қаржыландыруға биылғы жылы ғана барынша назар аударылып отыр. Мәселен, егер 2004 жылы жалпылама алғанда онкологиялық ауруларды емдеу саласына бюджеттен 830 млн. бөлінсе, қазіргі таңда бұл қаражат көрсеткіші 10 млрд. теңгеден асып отыр. «Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, онкологиялық ауруларды емдеу негізгі үш қағидатқа сүйенеді. Бұлар - ерте бастан диагностикасын анықтау. Екіншіден - радикалды кешенді ем-дом, үшіншіден - науқасты бейімдеу мен медициналық бақылауға алу. Біздің жүйемізді жетекші елдердің онкологиялық ауруларға қарсы жүйесімен салыстырғанда байқағанымыз, қатерлі ісік ауруларының алдын алуда оның ерте кезеңде диагностикадан анықталуы құпталатыны көрінеді. Соның ішінде онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтауда жоғары деңгейге қол жеткізген АҚШ, Франция, Жапония елдерінде де науқастардың рактан құтаюы да, одан кейінгі өмір сүру ұзақтығы да жағымды көрсеткішке ие. Сондықтан да бағдарламадан негізгі басымдық ауруды ерте бастан анықтауға беріледі», - дейді Ерік Байжүнісов.
Бағдарлама жобасында негізінен онкологиялық жәрдемді дамытуға қатысты бес басты проблеманы шешуге назар аударылады. Бұлар: біріншіден - онкологиялық қырағылыққа септігін тигізетін ерте бастан диагностиканы анықтауға қажетті заманауи технологиялардың жеткіліксіздігі. Екіншіден - онкологиялық науқастарды емдеуге инновациялық технологияларды енгізу. Үшіншіден - науқасты бейімдеу көмектерін қарастыру. Төртіншіден - медициналық және медициналық емес кадрлардың тапшылығы. Бесіншіден - онкологиялық-амбулаториялық, емханалық ұйымдардағы техникалық жабдықталуының жеткіліксіздігі және олардың емдеу қондырғыларымен толық қамтылмауы. Салалық бағдарлама жобасында осы негізгі бес мәселені кешенді шешу шаралары қарастырылады. «Жалпы алғанда бағдарламаның басты мақсаты - онкологиялық аурулардан болатын өлімді азайту жолымен, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарта түсу. Бұл ретте біз онкология саласындағы әлемдік тәжірибелерді негізге ала отырып, бағдарламаны сол қағидат шеңберінде құрдық. Бұлар - ерте бастан ауруды анықтау, жоғары тиімділікпен ғылыми негізделген емді жүргізу, сосын кадрлық әлеуетті арттыру. Осының нәтижесінде біз 2016 жылға қарай Қазақстанда онкологиялық көмектің заманауи үлгісін толық қалыптастырып бітеміз», - дейді Ерік Байжүнісов. Оның айтуынша, ауруды ерте бастан анықтау бағыты бойынша бағдарлама шеңберінде скринингтік жұмысты кеңейте түсуге күш салынады. Мәселен, қазіргі таңда скринингтік бағдарлама сүт безі рагы, жатыр мойыны рагы мен колоректальды рак бойынша жүргізіліп келеді. Ал бағдарлама бойынша 2012 жылдан бастап олардың тізбегі 6 ауру түрлеріне дейін кеңейе түседі. Сөйтіп, онкологиялық аурулардың алдын алуға қатысты скринингпен қамту республика бойынша 92 пайызға дейін жетеді.
Тағы бір маңызды мәселе - кадр әлеуетін арттыру. Бұл бағытта да бағдарламаның жобасында негізгі міндеттер айқындалған. «Бұл ретте бағдарлама шеңберінде онкологиялық ауруды емдеу саласы медицина физиктері, медицина инженерлері мен техниктері, радиология мамандары секілді жаңа кадрларды қажет ететін болады. Бұндай мамандардың барлығын шетелдерде даярлайтын боламыз. Жалпы бағдарлама аясында республика бойынша 280-ге тарта мамандарды оқытуды жоспарлаймыз. Оның ішінде МАГАТЭ көмегімен Еуразия ұлттық университеті базасында ядролық физика мамандары да даярланып, олар онкологиялық жүйеге жапсарлас қызметке бейімделеді», - дейді вице-министр.
Түйіндей келгенде, бағдарламаны толық жүзеге асыру үшін алдағы бес жылда 207 млрд теңге жұмсау көзделеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі негізінен Астана қаласында жаңа ұлттық орталық салуға, басқа да облыс орталықтарында амбулаториялық диспансер орталықтарын құруға бағытталмақ. Бағдарлама жобасын жүзеге асырудан туындайтын түпкі нәтиже қандай болмақ? 2016 жылға қарай Қазақстанда онкологиялық аурудан болатын өлім 15-20 пайызға дейін төмендейді. Қатерлі ісік ауруларын ерте бастан анықтау 53 пайызға артады. Скринингпен жұртшылықты қамту 92 пайызды құрайтын болады. Сәйкесінше өмір сапасы артып, өлім-жітім азаяды. Бағдарлама жоба күйінде әзірленгенімен әлі қабылданған жоқ. Түрлі сатыдағы талқылаудан өтуде. Алайда, мамандар құжат құпталса, оны толық жүзеге асыруға әбден болатынын айтады.