Өткен аптада жаңа кәсіпорындар, көлік тораптары, спорттық және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.
Өнеркәсіп
Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылды. Оның құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталды. Бірінші кезеңде шикізатты қайта өңдеу қуаты жылына 500 мың тоннаны құрамақ. Кейіннен 3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Кәсіпорын өнімдері тамақ, фармацевтика және биотехнология салаларына бағытталған.
Павлодарда қуаты жылына 150 мың тоннаға дейін жететін автоматтандырылған сұрыптау кешенінің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Инвестиция сомасы – 5 млрд теңге. Кәсіпорын пайдалы фракциялардың 30%-на дейін (пластик, қағаз, картон, шыны, металл, алюминий банкалар және т.б.) іріктеуге, сондай-ақ компосттау әдісімен жылына 60 мың тоннаға жуық органикалық қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Вокзал инфрақұрылымын жаңғырту
Ұлытау облысында төрт теміржол вокзалы – Жезқазған және Қаражал қалаларындағы, Жаңаарқа ауданындағы және Қызылжар стансасындағы нысандар жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Жезқазған қаласындағы вокзалдың ауданы 2,5 мың шаршы метрге дейін кеңейтіліп, тәулігіне 2 мың жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Ақмола облысының Атбасар қаласында реконструкциялау жұмыстарынан кейін теміржол вокзалы жұмысын қайта жалғастырды. Онда ескі ғимараттың орнына жаңа кешен салынды. Нысанның ауданы 661 шаршы метрден 823 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жаңа вокзал тәулігіне орта есеппен 310 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген.
Әуе тасымалы
Қазақстанда ұшу географиясын кеңейту шеңберінде Алматы – Чунцин жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстер іске қосылды. Рейстер «Airbus 320neo» әуе кемелерімен сәрсенбі және сенбі күндері аптасына екі рет жиілікпен орындалады.
Спорт инфрақұрылымы
Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының Қалжыр ауылында ауданы 850 шаршы метрден асатын жаңа спорт модулі ашылды. Нысан жаттықтырушы-оқытушылардың жетекшілігімен балалардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына арналған.
Қауіпсіздік
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа нысан тәулік бойы кезекшілікке арналған техникамен, байланыс құралдарымен және киім-кешекпен жабдықталған. Бекет үш елді мекен тұрғындары қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және ТЖ-ға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Осыған дейін елде вагон жасау саласында өнеркәсіптік кластер құрылатыны туралы жаздық.