– Орта Азия бірқатар өзекті экологиялық мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Температураның әлемдік нормадан екі есе жылдам жылынуы, флора мен фауна санының азаюы, таулардағы экожүйенің бұзылуы, ауа мен топырақтың ластануы – осының бәрі көз алдымызда болып жатыр. Осындай жайттар Арал теңізінің құрғауына алып келді. Каспийдің де деңгейі төмендеп барады. Мұздықтар еріп, су қоры азайып, ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп отыр, – деді ол.
Дегенмен маманның айтуынша, Орта Азия елдері қол қусырып қарап отырмай, әрекет етіп жатыр. Соның бір көрінісі – Астанада ұйымдастырылған Өңірлік экологиялық саммит және т.б. конвенциялар мен бастамалар. Сонымен қатар ол Қазақстанның өткен айда жаңа Конституцияға экологияны қорғау туралы норманы енгізгенін айрықша атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары осындай жобаларды іске асырып жатқан елімізге және Орта Азияның өзге де мемлекеттеріне алғыс айтты. Бұдан бөлек, ауа ластануының деңгейін төмендету үшін бірқатар ұсынысын мәлімдеді.
– Мұнай және газ өндірісіндегі метан газының шығарындыларын азайту мәселесін көтергім келеді. Бұл жаһандық жылыну деңгейін күрт түсіруге әсер етер еді. Орта Азиядағы барлық ел Метан шығарындыларын азайту бойынша жаһандық міндеттемеге қосылды. Ол үшін баршаңызға рахмет айтамын. Аталған міндеттемеге сай, метан шығарындыларын 2030 жылға дейін 30%-ға азайту жоспарда бар. Барлық мемлекетті осы бастамаға атсалысуға шақырамын, – деді ол.
Сонымен бірге, Ингер Андерсеннің сөзінше, метан шығарындылары қысқарса, су тапшылығы, шөлейттену, жануарларға төнетін қауіп секілді мәселелер де шешіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан Қазақстанмен және өзге көршілерімен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын екенін жазғанбыз.